1 наурыз – Алғыс айту күніне орай аудандағы білім ордаларында «Құстарға қамқорлық» атты игі акция ұйымдастырылды. Бұл тағылымды шараның басты мақсаты – табиғатты аялау, айналамыздағы тіршілік иелеріне жанашырлық таныту, құстарға қамқорлық жасау арқылы оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру болды.
Акция аясында мектеп ұжымдары ерекше белсенділік танытты. Сынып жетекшілері мен көркем еңбек пәні мұғалімдерінің бағыт-бағдар беруімен оқушылар ағаштан, фанерадан және басқа да жарамды материалдардан құстарға арналған әсем әрі ыңғайлы ұялар жасап шықты. Дайын болған құс ұялары мектеп ауласындағы және елді мекендердегі ағаштарға орнатылды.
Іс-шара барысында ұстаздар оқушыларға құстардың табиғаттағы рөлі, олардың қоршаған орта үшін маңызы туралы түсіндірді. Оқушылар құстардың көктем мезгілінде ұя салып, балапан өрбітетін кезеңі басталатынын ескеріп, дер кезінде жасалған қамқорлықтың маңызын ұғынды. «Құстарға қамқорлық» акциясы – жас ұрпақтың бойына мейірімділік, қамқорлық, жанашырлық қасиеттерін сіңіруге бағытталған тәрбиелік мәні зор бастама болды. Осындай игі істер арқылы оқушылар қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың парызы екенін терең түсінеді.
Алғыс айту күні аясында өткен бұл акция жас ұрпақты табиғатты аялауға, ізгілікке, жауапкершілікке үндеген маңызды шаралардың бірі ретінде есте қалды.
«Төлеби-ақпарат».


