Еңбек адамына құрмет көрсету – қоғамның адамгершілік деңгейін айқындайтын маңызды өлшемдердің бірі. Осы тұрғыда «Біркөлік» оңалту-сауықтыру кешенінің әкімшілігі тарапынан атқарылып жатқан игі істер көпке үлгі.
Күннің ыстық-суығына қарамастан, күні-түні Ленгір қаласының тазалығы үшін адал еңбек етіп жүрген қызметкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Қала көркін сақтап, тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруда маңдай терін төгіп жүрген тазалықшыларға демеушілік жасау – олардың еңбегіне деген шынайы ризашылықтың көрінісі.
Былтыр Асанбай Ералыұлы Мыңбаевтың қолдауымен 9 тазалық қызметкеріне шипажайға жолдама беріліп, олар денсаулықтарын нығайтып, демалып қайтқан болатын. Ал биыл қасиетті Рамазан айының құрметіне тағы да 3 тазалық қызметкеріне «Біркөлік» шипажайына жолдама табысталды. Қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен бұл игі іс – қоғамдағы өзара сыйластық пен бірліктің айғағы.
Ақпанның 25-і күні қала әкімі Жұмабаев Мақсат Болысбекұлы және «Ленгір Тазалық» МКК басшысы Сейітбеков Төлеби Нұрланұлы «Біркөлік» оңалту-сауықтыру кешенінде демалып жатқан қызметкерлерге арнайы барып, олардың жағдайын біліп, жылы лебіздерін жеткізді. Бұл кездесу еңбек адамдарына деген құрметтің нақты көрінісі болды.
Қала тазалығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген қарапайым қызметкерлерге көтеріңкі көңіл-күй мен сапалы демалыс сыйлаған Асанбай Ералыұлына ризашылықтарын білдірген еңбек адамдары оның отбасына амандық, өзіне мықты денсаулық, қызметіне абырой мен толағай табыс тіледі.
Қасиетті Рамазан айында жасалған әрбір игі іс – сауапты да берекелі.
«Төлеби-ақпарат».



