Жапония мемлекетінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын JQA International Environmental Children’s Drawing Contest халықаралық балалар сурет байқауында Қазақстан намысын қорғаған жас суретшілер жоғары нәтиже көрсетті. Бұл беделді өнер додасы әлемнің ондаған елінен келген дарынды балалардың басын қосып, олардың қоршаған ортаға деген жанашыр көзқарасын, табиғатты қорғау идеяларын өнер тілі арқылы жеткізуге бағытталған.
Биылғы байқауда еліміздің атынан қатысқан үміткерлер арасынан 15 жастағы Тастанова Мөлдір жүлделі орын иеленіп, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Оның шығармашылық жұмысы экологиялық тақырыпты терең мазмұнда, ерекше көркемдік шешіммен және шебер композициялық құрылыммен бейнелей алғаны үшін халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Тастанова Мөлдір – Төлеби балалар көркемсурет мектебінің талантты шәкірті. Жас суретшінің шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшісі – бейнелеу өнері және көркем еңбек пәнінің мұғалімі Биболова Ботагөз. Ұстаз бен шәкірттің жүйелі еңбегінің нәтижесінде қол жеткізілген бұл жетістік – тек бір оқушының ғана емес, сонымен бірге өңірдегі қосымша білім беру саласының, соның ішінде аудандық көркемсурет мектебінің және жас ұрпақтың экологиялық мәдениетінің жоғары деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Халықаралық деңгейдегі осындай байқаулар жас дарындардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтіп, әлемдік мәдени кеңістікке еркін енуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл – қазақстандық оқушылардың өнер саласындағы әлеуетінің зор екенін дәлелдейтін жарқын мысал.
Жеңімпаз оқушы мен ұстазын осы жоғары жетістіктерімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, ел мерейін үстем ете беруіне тілектестік білдіреміз.
«Төлеби-ақпарат».


