Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ санасына сіңіру мәселесі ерекше маңызға ие. Құндылықтардың өзегі – ана тілі. Әсіресе мектеп жасына дейнгі балаларға ана тілін меңгерту – болашақ ұлт болмысының, рухани тұтастығының кепілі. Өйткені дәл осы кезеңде баланың тілі, ой-санасы, мінез-құлқы мен дүниетанымы қалыптасады.
Мектепке дейінгі кезең – тіл дамуының ең шешуші кезеңі. Ғалымдардың пікірінше, бала осы кезеңде естіген сөзін тез қабылдап, қайталап, күнделікті өмірде қолдануға бейім келеді. Ана тілінде еркін сөйлейтін бала өз ойын анық жеткізе алады, нәтижесінде айналасындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасайды. Сөздік қордың кеңеюі баланың ойлау қабілетін де арттырады. Өйткені ой мен тіл – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Ана тілі негізінде бала тек сөз үйреніп қана қоймайды, ол халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани мұрасын бойына сіңіреді. Ертегілер, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер мен бесік жырлары баланың тілін дамытумен қатар, оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Мәселен, ертегілер арқылы бала жақсылық пен жамандықты ажыратып, әділдікке, мейірімділікке тәрбиеленеді. Ал мақал-мәтелдер баланың ойлау жүйесін жетілдіріп, сөз мағынасын терең түсінуге үйретеді.
Мектеп жасына дейінгі кезеңде ана тілін дұрыс меңгерген бала мектептегі білім беру жүйесін жылдам меңгереді. Ол педагогтің тапсырмасын тез түсінеді, ойын жазбаша және ауызша сауатты жеткізе алады. Нәтижесінде оқу үлгеріміне оң әсерін тигізеді. Ана тілінде жеткілікті деңгейде сөйлемейтін бала өз ойын айтуға қиналып, сабаққа деген қызығушылығын жоғалтуы ықтимал.
Ана тіліне баулу тек балабақша тәрбиешілерінің ғана емес, ең алдымен ата-ананың міндеті. Отбасында баламен ана тілінде сөйлесу, бірге кітап оқу, ұлттық ойындар ойнау – тіл дамытудың тиімді жолдары. Баланың әрбір сұрағына түсінікті әрі дұрыс жауап беру де оның сөздік қорын байытады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен балаларға арналған бағдарламалардың да ана тілінде сапалы контент ұсынуы маңызды.
Ж.Аймауытов өз еңбегінде басқа да ілімдерді меңгеру үшін ана тілінің маңыздылығы туралы атап өткен: «Ана тілін жақсы меңгермей тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі».
Мектеп жасына дейінгі балаларға ана тіліне баулу – ел болашағына салынған берік іргетас. Ана тілін құрметтеген, оны еркін меңгерген ұрпақ қана ұлттық құндылықтарды сақтап, тәуелсіз елдің тұғырын нығайта алады. Сондықтан ана тіліне деген қамқорлық баланың алғашқы сөзінен басталуы тиіс. Мектеп жасына дейінгі бала ана тілі мен мәдениетін толыққанды меңгерсе, болашақта жан-жақты дамыған, әлеуметтік қарым-қатынасқа еркін түсе алатын тұлға болып қалыптасады. Бұл балалардың сөйлеу дағдыларының белгілі бір шеңберін игеретін мақсатты, жүйелі және жоспарлы процесс. Сөйлеу мен тілдің жүйелі оқытылуы және әдістемелік дамуы балабақшадағы бүкіл тәрбие жүйесінің негізі болуы керек. Кәсіби оқыту іс-әрекетінсіз балалардың сөйлеу дамуын тиісті деңгейде қамтамасыз ету мүмкін емес. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетті оқыту бағдарламаның барлық бөлімдерінің тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді. Педагог-тәрбиеші балалардың игеруінде қиындықтар туындайтын ақпараттармен жұмыс жүргізуі қажет. Онсыз басқа қызмет түрлерін де қалыптастыру қиын.
Г.ТАНАБАЕВА,
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы, ф.ғ.к.


