Құрметті жерлестер!
2026 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы қоғам талқысына ұсынылды.
Бұл – жекелеген нормаларды түзету емес, елдің саяси-құқықтық дамуына бағытталған жүйелі, терең әрі тарихи маңызы бар қадам.
Ұсынылып отырған жоба – 11 бөлімнен, 95 баптан тұрады. Соның ішінде 77 бапқа түзету енгізіліп, Ата заң мәтінінің шамамен 84 пайызы жаңартылып отыр. Мұндай ауқымды өзгеріс еліміздің Тәуелсіздік кезеңіндегі конституциялық дамуының жаңа белесін айқындайды.
Жаңа Конституцияның преамбуласы қайта жазылып, онда мемлекеттілігіміздің терең тарихи тамыры, әділет, заң үстемдігі, жауапкершілік, сондай-ақ табиғатты қорғау және қоршаған ортаға құрмет қағидаттары айқын көрініс тапқан. Бұл – бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілігімізді нақтылайтын маңызды жаңалық.
Жобада адам және оның құқықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалып отыр. Өмір сүру құқығы абсолютті әрі ажырамас құқық ретінде нақтыланған. Тұтқындалған сәттен бастап азаматтың өз құқықтарын білуін қамтамасыз ететін халықаралық стандарттар енгізіліп, адвокатураның мәртебесі алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілуі – құқықтық мемлекетті нығайтудың нақты көрінісі.
Цифрлық дәуір талаптарына сай жеке деректерді қорғау, кәсіби құпияны сақтау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау мәселелері де негізгі заңда айқын көрініс табуда. Бұл – азаматтардың құқықтары тек қағаз жүзінде емес, нақты өмірде де қорғалуына бағытталған қадам.
Мемлекеттік басқару жүйесінде де түбегейлі жаңашылдықтар бар.
Бір палаталы Құрылтайдың енгізілуі, заңдарды бірнеше оқылымда қарау тәртібі, өкілетті органдарды қалыптастырудағы ашықтық – халық өкілдігінің сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Қазақстан Халық Кеңесінің консультативтік институт ретінде бекітілуі қоғам пікірінің естілуіне жаңа мүмкіндік береді.
Жобада отбасы, неке, ата-ана мен баланы қорғау, білім берудің зайырлы сипаты, шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы және цензураға тыйым салу нормалары сақталып, мазмұны жағынан нақтылана түскен.
Тағы маңызды бір тұсы – алдағы уақытта Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі деген норма. Бұл – Ата заңның тұрақтылығын қамтамасыз ететін, халықтың тікелей еркін күшейтетін шешім.
Ұлы ойшыл Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Бүгінгі конституциялық жаңғыру – дәл осындай мемлекетшіл мінездің, тарихи жауапкершіліктің көрінісі деп білемін.
Бұл – соңғы шешім емес, талқылауға ұсынылған жоба. Сондықтан әрбір азаматтың пікірі маңызды. Ашық пікір алмасу арқылы ғана біз уақыт талабына сай, әділетті әрі мықты мемлекеттің құқықтық негізін бірге қалыптастыра аламыз.
Жаңа Конституция – ел болашағы үшін қажет, маңызды әрі уақтылы қадам. Оған бейжай қарамай, ортақ жауапкершілікпен қарау – баршамыздың азаматтық борышымыз!
Н.Қойбағаров,
Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы.


