Балалардың зерттеу дағдыларын дамыту, мектеп оқушыларының интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін ынталандыру мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2-7-сынып оқушылары арасында ұйымдастырған ХХІ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсында төлебилік екі шәкірт жүлделі І орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.
Жеңімпаз оқушылар – аудандық білім бөліміне қарасты Жаңаұйым жалпы білім беретін мектебінің 4 «Ә» сыныбында білім алып жүрген Қуанышбай Естай мен Жарқымбек Еркеназ. Олар «Ұлттық ойын – асық терапиясы арқылы салауатты ұлт қалыптастыру» тақырыбындағы ғылыми жобасымен конкурстың аудандық және облыстық кезеңдерінде де І орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алған болатын.
Жобада оқушылар ұлттық ойындардың, соның ішінде асық ойынының бала денсаулығын нығайтудағы, қозғалыс белсенділігін арттырудағы және психологиялық тұрғыдан сергітудегі маңызын ғылыми тұрғыда дәлелдеуге талпынды. Зерттеу барысында сауалнама жүргізіп, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырып, асық терапиясының тиімділігін нақты деректермен негіздеген.
Ақмола облысы, Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында өткен байқауда оқушылар «Спорт және туризм» секциясы бойынша өз ғылыми жобаларын жоғары деңгейде қорғап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде жүлделі І орынды иеленіп, ел мерейін үстем етті.
Жеңімпаз шәкірттер мен олардың жетекшісі Қаныбекова Аягөз Әміртайқызын отбасы, ұжымы, туыстары, достары сән-салтанатымен қарсы алып, зор құрмет көрсетті. Бұл – білім ордасындағы жүйелі жұмыстың, оқушылардың табанды ізденісінің және жетекші ұстаздың кәсіби шеберлігінің айқын нәтижесі.
Аталған жетістік жас зерттеушілерге үлкен серпін беріп, олардың болашақта ғылым мен білім жолында биік белестерді бағындыруына жол ашары сөзсіз.
«Төлеби-ақпарат».



