16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Жастар» ресурстық орталығының ғимаратында «Тұғыры биік Тәуелсіз елім, Қазақстан» атты салтанатты іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын алып шығу және Мемлекеттік Гимнді орындаумен басталған жиын барысында еліміздің Тәуелсіздік тарихы, желтоқсан оқиғасының маңызы, ел егемендігін сақтауда ерлік көрсеткен азаматтардың қажырлы еңбегі мен батырлығы кеңінен атап өтілді. Еркіндік пен бірліктің символына айналған Тәуелсіздіктің құндылығы жастар санасына терең сіңірілді.
Іс-шара барысында Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Б.Жанғазиев, сондай-ақ Шымкент қаласынан арнайы келген ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген әскери жетекшілер мен ардагерлерді марапаттады. Бұл ел қорғаған ерлерге көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.
Мерекелік бағдарлама аясында патриоттық әндер шырқалып, жастар жүрекке жетер отаншыл өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы әскери колледждің құрылу тарихы мен тыныс-тіршілігі таныстырылып, әскери-патриоттық бағыттағы көрсетілімдер көпшілік назарына ұсынылды. Саптық дайындық элементтері мен арнайы жаттығулар көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Тағылымы мол іс-шара жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел тарихын құрметтеу және Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең ұғындыру мақсатында ұйымдастырылды.
«Төлеби-ақпарат».


