Түркістан қаласында 8-9 желтоқсан күндері «FIRST» робототехника жарысы өтті. Аталған дода жас өрендердің инженерлік ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған беделді білім сайыстарының бірі болып саналады.
Жарыс барысында қатысушылар FIRST LEGO League Discover, Explore, Challenge және Kelechek League санаттары бойынша өзара бақ сынасты. Әр санатта оқушылар робототехника, бағдарламалау, ғылыми жобалар мен инновациялық шешімдер арқылы өз білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Сайысқа әр өңірден келген дарынды оқушылар мен жетекшілер қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Аталған жарыста Kelechek League санаты бойынша Төлеби аудандық білім бөліміне қарасты биылғы оқу жылында ашылған №10 жалпы білім беретін мектептің 7-8-сынып оқушыларынан құралған «BARNI» командасы ерек-ше көзге түсті. Команда мүшелері роботты құрастыру, оны бағдарламалау және жобаны қорғау кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі І орынды иеленді.
Жас робототехниктердің бұл жетістігі – олардың жү-йелі дайындығы мен табанды еңбегінің нәтижесі. Осы жеңістің арқасында «BARNI» командасы Орталық Азия чемпионатына жолдама алып, алдағы халықаралық деңгейдегі жарыста еліміздің намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Айта кету керек, «FIRST» робототехника жарысы жас буынды ғылым мен технологияға баулып, болашақ инженерлер мен IT мамандарын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Осындай білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Төлеби ауданы оқушыларының жетістігі – өңірдегі білім саласының даму деңгейінің айқын көрінісі.
«Төлеби-ақпарат».



