Түркістан облыстық «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен алғаш рет «AMANAT BARYSY» облыстық қазақ күресі турнирі желтоқсанның 12-сі күні біздің ауданда өтті. Ауқымды шараға облыстың әр ауданынан келген 25 таңдаулы балуан қатысып, боз кілемде намыс пен қайсарлықтың, шеберлік пен жігердің үлгісін көр-сетті.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, сондай-ақ аудандық мәслихаттың депутаттар корпусы мен облыс бойынша барлық партиялас әріптестер қолдау көрсетті.
Турнир Ленгір қаласындағы «Тағай» спорт кешенінде ұйымдастырылып, тартысты белдесулермен есте қалды. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Қайсар Шамшидинов («Шардара барысы», Шардара ауданы) жеңіп алды. ІІ орынды Ерсұлтан Шорабек («Отырар барысы», Отырар ауданы) иеленсе, ІІІ орын Әлфараби Бекқұлұлына («Сіргелі», Бәйдібек ауданы) бұйырды.
Жеңімпаздар арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталды: І орын – 500 000 теңге, ІІ орын – 300 000 теңге, ІІІ орын – 200 000 теңге. Сонымен қатар, чемпиондар мен жүлдегерлерге кубоктар, дипломдар, сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«AMANAT BARYSY» турнирі ұлттық спортты дәріптеп, жастардың рухын көтерген, қазақ күресінің дамуына серпін берген маңызды бастама болып отыр. Шара қатысушылары мен көрермендер дода барысында намыс пен батылдықтың, кәсібилік пен күш-қайраттың айқын көрінісін тамашалады.
Түркістан облыстық «AMANAT» партиясының өкілдері турнирдің алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасатынын, ауқымының кеңейе түсетінін атап өтті.
«Төлеби-ақпарат».


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf