Киелітас ауылдық округінде қоғам денсаулығын жақсартуға бағытталған «Арақсыз ауыл – салауатты болашаққа бағыт» атты маңызды жоба аясында округ әкімі Б.Адамбектің бастамасымен кеңейтілген кездесу өтті. Жиынға округ аумағында алкоголь өнімдерін саудалайтын дәмхана, дүкен иелері мен кәсіпкерлік нысандардың басшылары қатысты.
Кездесуге Төлеби ауданы прокуратурасының прокуроры Б.Еркенбай, ауданның бас имамы Ү.Саурбаев, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық кірістер басқармасының қызметкерлері, ауылдық ардагерлер ұйымдарының төрағалары, ауыл билері, мешіт имамдары және округтің белсенді азаматтары да арнайы келді. Жиында қоғамда алкогольдің зияны және оның әлеуметтік мәселелерге әсері кеңінен талқыланды. Ауданның бас имамы Ү.Саурбаев халқымыздың дәстүрі мен дініміздегі ішімдіктен тыйылудың мән-маңызы туралы терең ой қозғады. Сондай-ақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова, елағасы З.Жанысбаев, Сұлтанрабат ауылының биі К.Османов көпшілікке өнегелі пікірлерін айтып, ішімдікке тәуелділіктің отбасыға, қоғамға және жастар тәрбиесіне тигізер кері әсерін атап өтті.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, оларға сала мамандары тарапынан нақты жауаптар берілді. Тараптар алкоголь өнімдерін сату мәдениетін реттеу, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерін бірлесе атқаруға уағдаласты. Жиын соңында округ әкімі Б.Адамбек бұл бастаманың басты мақсаты – қауіпсіз, салауатты ортаны қалыптастыру екенін атап өтіп, алдағы уақытта түсіндіру жұмыстары мен алдын алу шаралары жалғасын табатынын жеткізді.
«Төлеби-ақпарат».

http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf