Спорт – адамның төзімділігі мен ерік-жігерінің сыналар алаңы. Ал ерекше қажеттілігі бар жандар үшін бұл жол әлдеқайда қиын әрі асқан табандылық пен жанкештілікті талап етеді.
Жапонияның Токио қаласында 15–26 қараша аралығында XXV сурдолимпиада ойындары өтті. Осы әлемдік додаға 81 елден шамамен 3000 спортшы қатысты. Қазақстандық құрамадағы 78 спортшы 8 спорт түрінен жарысқа түсті.
Жерлесіміз Шадияр Қуандық осы сурдолимпиадада дзюдодан 73 кг салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол финалда оңтүстіккореялық дзюдошы Хванг Хёнді айқын басымдықпен жеңіп, алтын медальға ие болды. Бұл жеңіс Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды болды. Оның алтын медалі ел қоржынына түскен алғашқы жүлделердің бірі ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар бұл жеңіс спортшының жеке жетістігі ғана емес, Қазақстан спортының, есту қабілетінде ерекшелігі бар қаншама жанның үмітін жаққан, жеңіске деген талпынысын арттырған зор жетістік екені сөзсіз.
Қуандық бала кезінен спортқа ерекше құштар болды. Жасөспірім шағынан бастап жаттығуға үлкен тәртіппен, табандылықпен ден қойып, бапкерлерінің сенімін ақтады. Чемпионның жаттықтырушысы әрі ұстазы – әлем чемпионы Мәди Нәбиев.
Төлебилік Қуандық Шадияр – бұл үлкен арманды шындыққа айналдыра алған батыл спортшы. Ел абыройы үшін күрескен чемпионның Токиодағы сурдолимпиададағы алтын медалі оның еңбекқорлығының, қайсарлығы мен табандылығының жарқын үлгісі.
Чемпионға өмір жолында жеңісті күндері көп болып, әлемдік додаларда еліміздің көк байрағын желбірете беруіне тілектеспіз!
«Төлеби-ақпарат».




