ҚМДБ Төлеби ауданының жастар ісі бөлімі мен Жаңажол ауылындағы Әбдіқайым ата мешітінің ұйымдастыруымен жас шәкірттер арасында «Құранды жатқа оқу», «Алла Тағаланың көркем есімдері», «40 парыз» және «Намаз дұғаларын жатқа оқу» бойынша жарыс өткізілді. Іс-шара қайырымды жандардың демеушілігімен жүзеге асырылып, өңірдегі жас буынның діни білімін нығайтуға бағытталды.
Жарыстың негізгі мақсаты – жас ұрпақты Құран ілімімен сусындату, оларды имандылыққа, әдеп пен көркем мінезге тәрбиелеуге ықпал ету, сондай-ақ шәкірттердің діни сауатын ашуға деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру.
Сайысқа қатысқан оқушылардың білім деңгейін аудандық орталық «Нұр» мешітінің ұстазы Ербол Арыстанбеков пен «Шахи-Мансур» мешітінің найб имамы Санжар ұстаз бағалап, жарыстың әділ әрі талапқа сай өтуін қамтамасыз етті.
Жас буынды діни сауаттылыққа, рухани құндылықтарға баулу – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осындай іс-шаралар өскелең ұрпақтың рухани тұрғыда дамуына және тәрбиесіне оң әсерін тигізеді.
«Төлеби-ақпарат».




