Төлеби ауданында дәстүрлі түрде бесінші мәрте өткен облыстық «Көшпенділер ойыны» өңірдің айшықты брендіне айналып, жастардың ұлттық спортқа қызығушылығын арттыруға серпін берді. Биылғы шара «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Бірінші Мамыр ауылындағы «Төлеби» спорт клубында өтті. Ойындардың ашылу рәсімі «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирінің жеңімпазы, «Найман» лақап атымен танылған жерлес палуан, «Әскер барысы» Марат Байкамуровты салтанатты марапаттаумен басталды. Оған аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы табысталып, ұлттық дәстүр бойынша шапан жабылып, ат мінгізілді. Сонымен бірге оның жеңісіне үлес қосқан бапкерлері – Жанпейіс Жабаев пен Нұрдәулет Сихымбаев та марапатталды.
Шараға қатысқан аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров пен аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев ойынның ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі және жастар арасында салауатты өмір салтын нығайтудағы маңызын атап өтіп, командаларға сәттілік тіледі.
Биылғы ойындарда садақ ату, асық ату, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, мас-рестлинг және арқан тартыс сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтті. 14–35 жас аралығындағы облыстың 10 ауданынан келген 150-ге жуық жас өз бақтарын сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша: І орын – Қазығұрт ауданына (500 000 тг); ІІ орын – Төлеби ауданына (300 000 тг); ІІІ орын Арыс ауданына (200 000 тг) бұйырды.
Қосымша номинациялар: «Ерекше киім үлгісі» – Келес ауданына (50 000 тг); «Үздік ұжым» – Бәйдібек ауданына (50 000 тг); «Үздік ат бегі» – Сарыағаш ауданына (50 000 тг) берілді.
Барлық қатысушы командаларға 50 000 теңгеден ақшалай сыйақы, кубок және дипломдар табысталды.
«Төлеби-ақпарат».




