Төлеби аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Ақбота–2025» аудандық ән-би байқауы өтті. Шараның басты мақсаты – талантты балалардың шығармашылығын дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын ұстанған жас ұрпақты тәрбиелеу болды.
Киелі сахна төрінде ауданның мектеп жасындағы өнерлі өрендері ән мен биден өзара бақ сынасып, көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады. Байқауға қатысушылардың барлығы ерекше дайындықпен келіп, өз қабілеттерін жарқырата көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен жас өнерпаздар төмендегідей марапаттарға ие болды: бас жүлде иегері Ерғазы Арғын (Ленгір қалалық саз мектебі); І орын Ерназар Кәусар; ІІ орын Жұмаділлә Кәмшат, Нұрлан Әбдірахман, Бекәділ Айару; ІІІ орын Мұрат Нұрдәулет, Қалжігіт Самат, Айдар Нұрзат (суретте).
Арнайы жүлделер: Ахмет Ерсұлтан – аудан әкімінің жүлдесі; Мамедова Раяна – аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы сыйлығы; Бауыржан Жансу – ардагер ұстаз Б.Акимованың жүлдесі; Төленбек Кәусар – ардагер ұстаз А.Қалтаевтың жүлдесі; Сапарғали Алмас – әнші, композитор Ә.Ақкөзованың жүлдесі; Әбдуәлі Айзере – ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Б.Оразымбетовтің жүлдесі.
Шара соңында ұйымдастырушылар мен қонақтар жас өнерпаздарға сәттілік тілеп, олардың өнер жолында биік белестерді бағындыруына сенім білдірді.
«Төлеби-ақпарат».




