Аудандық мәслихаттың депутаты Сейділла Үкібаев басшылық жасайтын «Жеңіс» өндірістік кооперативінің механизаторлары күздік егісті әдеттегідей шалғайдағы Ақсу учаскесіндегі алқаптарда бастады.
Жыл сайын негізінен бидай мен арпа, мақсары егетін аудандағы ірілі-ұсақты ауыл шаруашылығы құрылымдары сияқты үстіміздегі жылғы ауа райының қолайсыздығынан аталмыш өндірістік кооперативтің механизаторларына да күздік егіске жер жырту, оны өңдеу жұмыстарын кешеуілдетіп жүргізуіне тура келді. Дегенмен, уақыт дегеніңіз күтпейді.
Өндірістік кооперативтің Ақсуда 450 гектар егістік алқабы бар. Шаруашылық диқандары бүгінге дейін орталықтан шалғайдағы 200 гектардан астам танапқа күздік бидай екті.
– Алдағы күндері қолайлы ауа райы қалыптасса, осы күзде кемінде 600 гектарға күздік бидай егіп алуды жоспарлағанбыз. Тұқым дайын, техникамыз сайлы, бар болғаны табиғат жағдайына тәуелді болып отырған жайымыз бар. Көктемде мақсары мен арпа егетін және парға қалдыратын алқаптардың жерін жырту жұмыстарын жалғастырудамыз, – дейді шаруашылық басшысы С.Үкібаев.
«Жеңіс» өндірістік кооперативі жер жырту, оны өңдеу, күздік егу жұмыстарына барлығы 6 ауыл шаруашылығы техникасын шығарды.
Шаруашылық механизаторлары Руслан Гусейнов, Бекболат Байжарқынов, Шуло Эскимухтароғлы және басқалар күздің әрбір қолайлы сағатын ұтымды пайдаланып, уақытпен санаспай еңбек етуде.



