Ленгір қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Қала ішінде жолдарды жөндеу және жарықтандыру жұмыстарын жүргізу – жергілікті биліктің басты назарындағы мәселе.
Жақында жергілікті бюджет есебінен Қазақстан көшесінің ішкі бөлігіне асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Бұл тұрғындардың күнделікті қатына-сына қолайлы жағдай жасап, қала жолдарының сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Жол жөндеу қарқыны мен сапасы Ленгірдің жалпы келбетін заманауи бағытта өзгертіп келеді.
Сонымен қатар, тұрғындардың өтініші негізінде №3 мөлтекаудандағы барлық көшелерге түнгі жарық шамдары орнатылды. Бұл да жергілікті бюджет есебінен жүзеге асқан игі жоба.
Жаңа шамдар тұрғындардың қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың кешкі уақытта қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік берді.
Жаңадан орнатылған жарық шамдары Ленгірдің түнгі келбетін айшықтап, қала тұрғындарының жайлы және қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың бір бөлігіне айналды.



