Республика күні мерекесі қарсаңында ауданымызда рухани және әлеуметтік бағыттағы игі іс-шара өтті. Іс-шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы Төлеби ауданы бойынша өкілдігі мен орталық «Нұр» мешіті ұйымдастырып, оған «Ешенқұлұлы Қуаныш» жеке қоры демеушілік көрсетті.
Қайырымдылық акциясы «Отанды сүю – иманнан» және «Жылулық сыйла» ұранымен өтті. Шара барысында ауданның бас имамы Үсен Саурбаев барша жиналғандарды Республика күні мерекесімен құттықтап, бастаманы қолдап, үлес қосқан демеуші қорға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ел бірлігі мен мейірімділік – қоғамның тұрақтылығының негізі екенін атап өтті.
Ізгі шара аясында аудан аумағындағы барлық мешіттер мен орталық «Нұр» мешітіне тіркелген әлеуметтік аз қамтылған 200 отбасыға қаржылай көмек көрсетілді. Қайырымдылық ісіне аудан- ның Құрметті азаматы, шеберлер арасында әлем чемпионы Мәди Нәбиев пен Түркістан облысынан шыққан дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы Ернұр Батырғали қатысып, көпбалалы аналарға жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді.
Мұндай игі бастамалар – қоғамдағы бірлік пен мейірімділікті арттырып, ұлттық рух пен Отанға деген сүйіспеншілікті нығайта түсетін маңызды қадам болып табылады.
«Төлеби-ақпарат».




