Сейсенбі күні Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов «Шымкентцемент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен кездесті. Жұмыс сапары аясында өткен бұл кездесу әлеуметтік жауапкершілік, инфрақұрылымды дамыту және өзара ынтымақтастық мәселелеріне арналды.
Кездесу барысында аудан басшысы кәсіпорын өкілдеріне бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде қол қойылған үш жақты меморандум аясындағы міндеттемелердің орындалу барысын еске салып өтті. Атап айтқанда, ауылдық округте спорт кешенін салу және ауыз су мәселесін шешуге бағытталған ұңғыма бұрғылау жұмыстарын толық аяқтау тапсырылды.
– Ірі өндіріс ошақтарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі зор. Егер біз бірлесе еңбек етсек, аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, ортақ мақсаттарға қол жеткізе аламыз, – деді Еркеғали Амантайұлы.
Сонымен қатар, аудан әкімі кәсіпорынды Төлеби ауданында ресми салық төлеуші ретінде тіркелуге шақырды. Бұл қадам жергілікті бюджетті нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу аясында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі арттыру, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру және жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге бағытталған нақты қадамдарды талқылады.
Өз кезегінде «Шымкентцемент» ЖШС басшылығы аудан әкімінің ұсыныстарын қолдайтындарын білдіріп, әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жұмысты күшейтуге дайын екендерін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты нығайтып, өңір дамуына бағытталған бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыруға уағдаласты.
«Төлеби-ақпарат».




