Аудандық мәдениет үйінде Индонезияның Джакарта қаласында өткен самбодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында топ жарған спортшыларды марапаттау рәсімі өтті. Бұл салтанатты шара – Төлеби ауданының ғана емес, бүкіл елдің мерейін үстем еткен жүлдегерлерге деген зор құрметтің көрінісі болды.
Әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеде аудан намысын қорғаған Сейдуалиев Руслан мен Ұзақбаева Ақжібек жоғары деңгейде өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Олар Қазақстанның көк туын биікте желбіретіп, ел абыройын асқақтатты.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиев сөз алып, чемпиондарды шын жүректен құттықтап, олардың тынымсыз еңбегі мен табандылығына ризашылығын білдірді. Спортшылар мен олардың бапкерлеріне Алғыс хаттар табысталып, иықтарына шапан жабылды.
– Сіздердің бұл жетістіктеріңіз аудан спортының дамуына үлкен серпін беріп, жас ұрпаққа мотивация болары сөзсіз. Болашақта бұдан да биік шыңдарды бағындыруға тілектеспін, – деді Бағдатбек Пердебайұлы.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров та жас чемпиондарға өзінің ыстық ықыласын білдіріп, Алғыс хаттар мен қаржылай сыйын тапсырды. Ол бұл жетістік – спортшылардың ғана емес, бүкіл аудан халқының ортақ қуанышы екенін атап өтті.
Жеңіске жеткен жасөспірімдерге қолдау көрсеткен жаттықтырушылар мен ата-аналарға да ерекше алғыс айтылды. Бұл жеңіс – спортшылардың қажырлы еңбегінің, күнделікті жаттығудың, жүйелі дайындықтың нәтижесі екені сөзсіз.
«Төлеби-ақпарат».




