Нысанбек ауылындағы көрікті «Тау самалы» демалыс аймағында ауыл жастарына арналған маңызды әрі ауқымды шара – «Auyl Jastary» республикалық форумы өтті. Аталған форумға Қазақстанның барлық өңірлерінен 200-ге жуық белсенді жас жиналды.
Шараның басты мақсаты ауыл жастарының бастамаларын қолдау, өңірлік және республикалық деңгейде оларды ынталандыру, сондай-ақ жастар саясатының өзекті мәселелерін ортаға салып, тиімді шешу жолдарын қарастыру болды. Форум алаңы жастар үшін тәжірибе алмасу, жаңа идеялар мен жобаларды талқылау, ауыл өмірін жаңғыртуға арналған тың бастамаларды таныстыру орнына айналды.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің өзге де депутаттары, сондай-ақ Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты.
Серік Егізбаев өз сөзінде ауыл жастарының ел дамуына қосар үлесі мен әлеуетін ерекше атап өтті. «Ауыл – халқымыздың түп-тамыры, руханияттың қайнары. Бүгінгі ауыл жастары – ертеңгі ел тірегі. Біз сіздердің әрбір идеяларыңыз бен бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз. Форум – тек кездесу орны емес, ол – серпінді жобалар мен нақты қадамдардың бастауы болуы тиіс», – деді халық қалаулысы.
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов та жастарға деген сенімін білдіріп, өңірде жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті жобалар жөнінде айтып өтті. Аталған шара барысында бірқатар азамат «Ауыл» партиясының 25 жылдығына орай арнайы мерекелік медальмен марапатталды.
Форум аясында түрлі бағыттағы секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда: ауыл жастарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау; агроөнеркәсіптік кешенде жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктері; жастар мен ауыл инфрақұрылымын дамыту; цифрландыру және жасыл экономика, т.б.
Форум соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, ерекше белсенділік танытқан жоба авторлары марапатталды.
«Auyl Jastary» форумы – ауыл жастарына арналған үлкен серпін ғана емес, ел болашағын бірге қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Осындай форматтағы кездесулер ауыл жастарының белсенділігін арттырып, ел игілігіне қызмет етуге ынталандырары сөзсіз.
«Төлеби-ақпарат».




