Ленгір қаласындағы «Миллениум» тойханасында Төлеби аудандық орталық «Нұр» мешіті бас имам Үсен Сәуірбаевтың ұйымдастыруымен және аудандық әкімдік пен мәслихаттың қолдау көрсетуімен жерлестеріміз пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) туған айын – Мәуліт мерекесін атап өтті. Ауданның құрметті қариясы Қыстаубай Бектұров бата жасап, әруақтарға арнап құран бағышталып, мерекені кезінде біздің ауданда бас имам қызметін атқарған Самат қажы Анарбаев ашып, жүргізді.
– Тура осыдан 10 жыл бұрын аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Қойбағаров демеушілік жасап, «Мерей» тойханасында Мәуліт мерекесін алғаш рет өткізген едік. Бұл игі іс дәстүрге айналып бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі Мәуліт мерекесін аудандық мәслихат депутаттары Исағали Әшірбеков, Сәкен Мәженов, Ерболат Жабаев деген азаматтар өткізіп отыр, – деді ол.
Мерекеге жиналған қауымды аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Н.Қойбағаров, Түркістан облысы Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов, Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов құттықтап, жылы лебіздерін білдірді, имандылыққа үндейтін уағыздар айтты.
Аудан әкімі мен мәслихат төрағасы ел арасында халықты имандылыққа, ынтымақ пен бірлікке үндеп жүрген мешіт имамдарына Алғыс хаттар, «Біркөлік» емдеу-сауықтыру кешенінің әкімшілігі өз шипайжайларына жолдама тарту етті. Мереке құрметіне Түркістан облысының бас имамы Е.Төлепов ауданда ислам ілімін уағыздауда белсенділік танытып жүрген мешіт имамдарына ақшалай сыйлық, осындай игі істерге қолдау көрсеткен азаматтарға Алғыс хаттар тапсырды.
Ән мен жырсыз мерекенің сәні кірген бе? Аудан тұрғындарының Мәулітті нағыз мерекедей атап өткені туралы бейнеролик көрсетіліп, ән шырқалды, мешіт имамдары Мәуліт жырын жырлады.
Мереке соңында қарияларымыз ақ батасын беріп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.), дүниеден өткен үмметтерінің әруақтарына құран бағышталды.
«Төлеби-ақпарат».




