Өткен сәрсенбі күні сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың кезекті, 28-сессиясы болды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Қойбағаров ашып, жүргізген сессияда өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы аудан әкімі Е.Әлімқұлов есеп берді. Ағымдағы жылдың өткен 8 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы сақталып, өңірлік өнімнің көлемі 110,9 миллиард теңгеге жеткеніне, өсімнің 30,4 пайызды құрағанына тоқталған аудан басшысы атқарылған және қолға алынып жатқан жұмыстар барысынан кең ақпарат берді.
Депутаттар аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №21/109-VIII «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгеріс енгізуді мақұлдап, 2025 жылға бюджет кірісі 13 миллиард 469 миллион 756 мың теңге, ал шығысы 13 миллиард 730 миллион 416 мың теңге көлемінде бекітілді.
Сессияда депутаттар аудан әкімдігі жанындағы жекелеген комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізу туралы ұсынысқа келісім берді.
Төлеби ауданы елді мекендері аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау туралы тәртіп бекітілді.
Аудандағы жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған жоспар мақұлданды.
Депутаттар аудан аумағындағы жекелеген көшелердің атауларын өзгертуге ұсынысты қарады.
«Төлеби-ақпарат».



