Төлеби ауданында «Жұмысшы мамандықтары жылы» және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджет қаржысына алынған 16 бірлік жаңа арнайы техника ресми түрде пайдалануға берілді.
Ленгір қаласы мен 12 ауылдық округке бөлінген бұл техникалар аудан аумағында санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Салтанатты рәсімге аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, жаңа техникалардың кілттерін сала мамандарына салтанатты түрде табыстады.
Өз сөзінде аудан басшысы жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін ерекше атап өтіп, олардың ауданның көркеюі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы рөлін жоғары бағалады.
Жаңа техникалар тек инфрақұрылымның әлеуетін арттырып қана қоймай, коммуналдық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтермек. Бұл бастама – «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүйелі түрде жүзеге асырудағы нақты қадам әрі еңбек адамын қолдау мен бағалаудың жарқын көрінісі.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да коммуналдық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруды көздеп отыр.
«Төлеби-ақпарат».



