Жуырда Астанада Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен балалар музыка және өнер мектептерінің білім алушылары арасында өткен жас музыканттардың республикалық фестиваль-байқауында Ленгір қалалық музыка мектебінің оқушысы Әлібек Нұрмұхаммед ІІІ орынға ие болды. Жас өнерпазды байқауға дайындаған ұстазы қосымша білім беру ұйымының мұғалімі, қылқобыз сыныбының жетекшісі, республикалық байқаулардың лауреаты Рысбаев Қайрат Бақадырұлы.
Әлібек Нұрмұхаммед бұл фестиваль-байқаудың ережесі бойынша алғашқы турда – 3, екінші кезеңде – 2, барлығы 5 шығарма орындады. Шешуші кезеңде қылқобызға арналған Қорқыт пен Ықыластың күйлерін құйқылжыта тартып берді.
Бұл – Нұрмұхаммедтің алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін де көптеген байқауларда жүлдегер атанып жүр. Жас өнерпаздың Дубайда өткен халықаралық конкурста гран-при жүлдесін иеленгенін газетімізде сүйіншілеп жариялаған едік.
Бір айта кететіні, Нұрмұхаммед – бұл фестиваль-байқауда Түркістан облысы бойынша жүлдеге ие болған бірден-бір шәкірт. Сондықтан бұл жетістік – тек Төлеби ауданының ғана емес, Түркістан облысының да мәртебесі.
Жас өнерпаз бен ұстазына өнер әлемінде биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз!
«Төлеби-ақпарат».



