Қасқасу ауылдық округіне қарасты Кеңесарық ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Аталған нысан ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндік береді.
Спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне белгілі генерал, жазушы Ержан Исақұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жылқышиев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев және Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысты.
Жеке инвестордың қолдауымен бой көтерген спорт кешенінің жалпы құны – 160 миллион теңге. Жаңа кешен ауыл жастарына спортпен тұрақты шұғылдануға мүмкіндік беріп, өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға оң әсер етпек.
Іс-шара барысында ауыл халқы игілікті іске бастамашы болған Болат Жылқышиевке алғыс ретінде ат мінгізіп, шапан жапты.
Айта кетейік, бүгінде Төлеби ауданында 225 спорттық нысан халыққа қызмет көрсетуде. Олардың қатарында: 1 «Жастық» стадионы, 1 тау шаңғы базасы, 2 жүзу бассейні, 4 спорт кешені, 1 «Бәйшешек» оқу-жаттығу орталығы, 88 спорт залы, 5 ату тирі, 7 спорттық манеж, 109 ашық алаң және 7 бейімделген спорт залы бар.
«Төлеби-ақпарат».


