Ауылға барған сайын Қаратөбе ауылдық кітапханасына кіре кету ежелгі әдетім. Баспадан шыққан жаңа кітаптармен, ақын-жазушылардың шығармаларымен танысу, мүмкін болса, үйде оқуға жаздырып алу. Бұл жолы да кітапханашы күлімдеп қарсы алды. Кітапхана ішін көзбен шолып өттім. Сөрелерінде кітаптар рет-ретімен, алфавиттік тәртіппен қойылыпты. Іздеген кітабыңды оп-оңай табасың. Баспадан шыққан жаңа кітап-тар арнайы сөреге қойылыпты. Ортадағы ұзын үстел үстінде биылғы жазылған газет-журналдардың тігінділері жатыр. Екі-үш ауыл қариялары газет ақтарып, ел ішіндегі, әлемдегі жаңалықтармен танысуда. Бірнеше оқушы кітапханашылармен бірге алдағы өтетін іс-шараларға дайындық жасауда. Ауылдан шыққан ақын-жазушылар М.Тұрғынбаевтың, К.Елікбаевтың кітаптары арнайы бөлімге орналастырылыпты. Олардың кітаптары туралы әр кезде жазылған пікірлер, рецензиялар, мақалалар сонда қоса қойылыпты. Әр келген сайын мұнда оқырмандар үзілмейтінін байқаймын. Жазғы демалыс кезінде мектеп оқушылары да жиі келетін болыпты.
Кітапханашымен әңгімелесіп, біраз мәліметке қанықтым. Кітапхана меңгерушісі Нұргүл Ысқақова 2008 жылдан бері осы лауазымда қызмет атқарады. Ол 1998 жылы Шымкенттегі №53 мектепті бітіріпті. М.Әуезов атындағы университеттің мұражай ісі және тарихи ескерткіштерді қорғау, осы оқу орнында педагогика және психология мамандықтары бойынша білім алып шыққан.
Н.Ысқақова алғашқы еңбек жолын ауданымыздағы Жамбыл ауылдық клубында көркемдік жетекші болып бастайды. 2008 жылы Қаратөбе ауылдық кітапханасына кітапханашы болып ауысады.
Осы кітапханаға қызметке орналасқаннан кейін, зейнетке шыққан кітапханашы апайдан 5 мың дана кітап қабылдап алыпты. Содан бері кітап қоры молайып, қазір 8900 данаға жеткен. Сондай-ақ кітап қоры қайырымды адамдардың көмегімен толықтырып отырады. Ауылдан шыққан ақын-жазушылар, қаламгерлер баспадан шыққан жаңа кітаптарын сыйға тартады. Өткен жылы қаламгер К.Елікбаев өз жеке кітапханасынан 100 дана кітапты сыйға тартыпты. Кітапхана биылғы жылы 12 газет-журнал жаздырып алыпты. Оның ішінде балаларға арналған басылымдар бар. Кітапхананы қабылдап алғанда, мың оқырманы болыпты. Бүгінде оқырмандар саны 1200-ге жеткен. Яғни, «Оқитын ұлт» жобасы біртіндеп жүзеге асуда. Қаратөбе жалпы орта мектебінің, Аршалы бастауыш мектебінің ұстаздары мен оқушылары кітапхана тарапынан өткізілетін мәдени іс-шараға белсенді түрде қатысып отырады.
– Жылдық жоспар бойынша әр ай сайын 3-4 іс-шара өткізіп отырамыз, – дейді кітапханашы бізбен әңгімесінде. – Ақын-жазушылардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына, тарихи тұлғалар мен тарихи даталарға арнап іс-шаралар өткізіп, олардың еңбектері туралы көрме ұйымдастырады.
Кітапхананың маусым айындағы іс-шаралары бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне арналыпты. БАҚ саласының қоғамдағы роліне тоқталған. Президенттің БАҚ саласы қызметкерлері күнін құттықтаған сөзінен цитата келтірген.
– Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен билік арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Іс-шарада журналистердің еңбегіне тоқталған. «Ұлттық медиа – халықтың үні, журналист – жасампаздық жаршысы», «Журналист – ақпарат әлемінің темірқазығы», «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» (М.Дулатұлы) деген афоризмдер пайдаланыпты. Журналист еңбегіне, қоғамдағы роліне баға берілген.
Ұлттық әдебиетіміздің үздік туындыларына жататын ақын-жазушылардың шығармалары бойынша іс-шара атқарылған. «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша «Жыр мұхитының жиһангері – Жұмекен» (ақын Ж.Нәжімеденовке» арналған поэтикалық марафон өткізіліпті.
«Қарымды қаламгер – Тәкен Әлімқұлов» атты әдебиет сағатында қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы, аудармашы Т.Әлімқұловтың шығармалары, жазушылық қызметі туралы ақпарат берілген. «Тарих сағаты» бойынша «Желбіре, Жеңіс жалауы», «Рәміздерім – мақтанышым» атты іс-шаралар өткізіліпті.
Президент кітапханаларға ерекше назар аударып, ірі қалаларда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Осы орайда Астана, Алматы қалаларында жастарға арналған коворкинг-кітапханалар, цифрлық қызметті кеңінен қолданатын интеллект орталықтар ашылып жатыр. Мұның бәрі кітапханаларды тек кітап оқу орны емес, білім мен шығармашылықтың қоғамдастығы ретінде қайта танытуда. Ауылдық жерлерде де шағын кітапханаларды жаңғырту маңызды міндетке айналды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жастардың кітап оқуға құштарлығы артып, олардың талғам таразысы молайып келеді. Кітапханаға барған кезімде әр адамның санасында сәуле бар, рухани жағынан кемелденуге деген ұмтылыс бар екенін байқадым.
Осындай іс-шаралардың бәрін Нұргүл кітапханашы Шынарбаева Назым екеуі бірлесе, шығармашылықпен атқарып келеді. Оқырмандардың құрметіне бөленіп жүр. Өз оқырмандарын жылы жүзбен қарсы алып, талап-тілектерін орындауға тырысады. Жұмыстарына әрдайым ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайды.
Ысқақова Нұргүл – тәжірибелі кітапханашы болумен бірге қадірлі ата-ана. Жұбайы Ербол екеуі 6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Ұл-қыздарының алды жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Тұңғыш ұлы Ернұр Ниязбек М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің заң факультетінің студенті. Екінші ұлы Назарбек әскер қатарында азаматтық борышын өтеуде. Үшінші ұлы Нұрбек М.Сапарбаев атындағы университеттің 1-курсында оқиды. Одан кейінгі ұл-қыздары мектеп қабырғасында. Отағасы Ербол – жеке кәсіпкер.
Ардақты ана – «Күміс алқа», «Алтын алқа» медальдарының иесі. Оның кәсіби еңбегі лайықты бағаланып, аудандық мәдениет бөлімінің Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған.
К.ЕЛІКБАЕВ.


