Өткен дүйсенбіде Киелітас ауылдық округінің Достық ауылында құрылысы былтыр басталып, 900 оқушыға арнап салынған жаңа, №10 жалпы білім беретін мектептің ашылу салтанаты болды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында бой түзеген білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы келіп қатысты.
Ауыл тұрғындарын, арнайы келген қонақтарды, жаңа мектептің ұстаздары мен оқушыларын «Білім күні» мерекесімен құттықтаған облыс басшысы ұстаздарға жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді нықтап тапсырды.
– Білім – ел болашағының алтын дінгегі, – деді ол. – Соңғы жылдары елімізде білім саласын дамытуға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы соның айқын дәлелі. Бұл жоба жаңа ғимараттар салу ғана емес сондай-ақ сапалы білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді жоба. Былтыр басталған жоба бойынша облыс аумағында осындай 29 мектеп салынып, пайдалануға берілуі тиіс болса, оның 13-і пайдалануға берілді. Биыл тағы да осындай 16 мектептің құрылысы аяқталып, есігін оқушыларға айқара ашатын болады…
Тағы бір жақсы жаңалық сол, белгілі тұлғалар шыққан бұл ауданда қазір Төлеби бабаға арналған музейді салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның құрылысы алдағы жылы басталады.
…Салтанатты жиында ұзақ жылдар бойы қала мектептері мен аудандық білім бөліміне басшылық жасаған ардагер ұстаз, қазіргі аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Ахтаев сөз сөйлеп, қуанышты сәтпен бөлісті, жаңа білім ұясының ұжымына аса жауапты саладағы жұмыста үлкен табыстарға жетуіне тілектестігін білдірді. Ұстаздар еңбегінің елдің дамуында маңызы зор екенін айта келе бұл мәселеге ел Президенті Қ.Тоқаевтің ерекше көңіл бөліп отырғанына назар аударды.
900 оқушыға лайықталып салынған жаңа мектеп заман талабына сай толық жабдықталған. Жалпы аумағы 3 гектарды қамтитын үш қабатты нысанда 120 орындық акт залы, заманауи шеберхана, кең көлемді кітапхана, асхана, спорт залы және медициналық кабинет қарастырылған. Барлық жерлерде бейнебақылау жүйелері жұмыс істеп тұр. Бұл оқушылардың сапалы білім алуы мен олардың қауіпсіздігі үшін жасалған маңызды қадам екен. Мұғалімдер үшін де барлық жағдайы жасалған әдістемелік кабинеттер, цифрлық құралдармен жабдықталған жұмыс орындары, кең әрі жайлы демалыс аймақтары көңілден шықты.
Мұғалімдер мен оқушылардың есінде ұзақ сақталатын осы қуанышты бөлісуге ата-аналармен бірге қонақтар да көп жиналды. Қала мен аудандық саз мектептері ұстаздарының орындауында аулада күмбірлеген қазақ күйлері мерекенің сән-салтанатын асқақтата түсті. Көл-көсір қуаныш құшағындағы іс-шараның көпшілік асыға күткен сәтінде облыс әкімі Н.Көшеров пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы С.Ахтаев мектеп есігіне керілген лентаны қиған соң, ата-аналар мен қонақтар басшылармен бірге мектептің кабинеттері мен акт, спорт залдарын, зертханаларды, асхананы аралап, көріп, құрылысшылардың еңбегіне жоғары баға берді. Осылайша Ленгір қаласының, Достық ауылы мен көрші елдімекендерден осы мектепте оқуға қабылданған бірінші сынып оқушылары алтын ұяның табалдырығын шаттықпен аттап, алғашқы қоңырау сыңғырымен білім әлеміне қадам басты.
Мектепті аралап көрген ардагер ұстаздар Полат Аюбаев, Әбдіразақ Тастанов, Әбдіжаппар Сұлтанқұлов, Қуаныш Жалбиев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айдаркүл Ракишева және де басқалар жаңа мектептің келбетіне көңілі толатынын айтып, осы білім ұясының тұңғыш директоры болып тағайындалған, бұрын аудандық білім бөлімінде ұзақ уақыт жұмыс істеп ысылған тәжірибелі ұстаз Пернебек Асановтың қызметіне ақ жол тілеп, батасын берді.
Ә.МӘЛІКОВ.



