Аудан мұғалімдері жылдағы дәстүр бойынша Ленгірдегі №7 ІТ мектеп-лицейінің мәжіліс залында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен тамыз кеңесінде бас қосты. Ұстаздар кеңесіне орай мектеп алаңы салтанатты түрде безендіріліп, фойеде «Әр мектеп – табысты мектеп» тақырыбында мектеп көрмелері ұйымдастырылып, музыкамен сүйемелденді. Алдан-ала бейнеролик көрсетіліп, Әнұранымыз шырқалды.
Кездесуді аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев ашқан соң бас қосуға шақырылған қонақтармен таныстырды. Алғашқы сөз кезегін аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов алды.
Аудан басшысы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, ауданда білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті, бала тәрбиесіндегі жол берілген кемшіліктерді назардан тыс қалдырмады.
Тамыз кеңесінде облыстық білім беруді дамыту орталығы директорының орынбасары Динара Айкөзова аудан мұғалімдеріне жылы лебізін білдіріп, облыс аумағында білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Өткен оқу жылының қорытындысына орай жасаған баяндамасының әлқиссасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық Тамыз кеңесінде: «…Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер…», – деп сөйлеген сөзінен бастаған аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Тойлыбаев білім саласында атқарылған тірліктерге жан-жақты тоқталды.
Ауданда білім бөліміне қарасты барлығы 69 білім беру мекемесі бар. Осы білім ұяларында жаңа оқу жылында 28976 шәкірт оқумен қамтылмақ. Биылғы оқу жылында 7 мектепке ағымдағы, 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Екі мектептен басқасының бәрі табиғи газбен жылытылады. Биылғы жаңа оқу жылында 900 орындық №10 және 600 орындық №11, сондай-ақ 300 орындық Қосағаш мектептерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.
Аудандағы 66 мектептегі 10481 бастауыш сынып оқушысы, әлеуметтік жағдайы төмен 1059 шәкірт ыстық тамақпен қамтылған. Аудан бойынша 38 мектеп «Е–Асхана» бағдарламасымен жұмыс жасайды. Бұл бағдарлама мектеп асханасының жұмысын цифрландыру арқылы оқушылардың денсаулығын қорғауға, сапалы тамақпен қамтамасыз етуге және ата-ана бақылауын күшейтуге мүмкіндік беретін тиімді бағдарлама.
Тамыз кеңесінде білім бөлімінің басшысы оқушылардың биылғы жазғы демалысына, қосымша білім беру мен мектепке дейінгі білім беру жағдайына тоқталып өтті. Ауданда 2–6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткен. Бұл облыстағы ең жоғарғы көрсеткіш. Жалпы бұл салада 541 педагог қызмет атқарады.
Биылғы жаңа оқу жылында аудан мектептерінде 3671 педагог қызметіне кіріседі. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылымен салыстырғанда 128-ге артқан. ҚР Білім және ғылым министрінің №57 бұйрығының 83-пунктіне сәйкес 7 мектеп директоры ауысу тәртібімен, 6 директор конкурс арқылы, 3 директор кадрлық резервтен тағайындалған.
Аудандағы 69 мектеп директорының бесеуі бірінші санатты «көшбасшы директор», он үші «басшы менеджер», он тоғызы үшінші санаттағы «басшы ұйымдастырушы» болса, 26 мектеп директорының әзірше санаты жоқ.
Биылғы жылы алғаш рет ұстаздардың үздіксіз кәсіби дамуын қолдайтын USTAZ платформасы іске қосылмақ. Осы жүйе арқылы ауданның 665 педагогы аттестациядан өтуге өтініш білдірген.
Аудан мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен және Шымкенттегі Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық жоғары оқу орнымен мемерандум жасалған.
Ұстаздардың тамыз кеңесінде Б.Адамбекұлы тәрбие саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Білім беру мекемелері «Тұтас тәрбие» жобасымен аудан әкімінің қолдауымен бөлім қызметкерлері, сот, прокуратура, полиция қызметкерлерімен, аудандық мәслихатпен және жастар ресурстық орталығымен, «Аманат» партиясы, Ассамблея өкілдерімен бірлесіп мақсатты құқықтық тәрбие жұмыстарын жүргізуде.
Білім бөлімі басшысының айтуынша аудан ұстаздары үшін өткен оқу жылы жемісті болды. Білім сапасының көрсеткіші 61 пайызды құрап, былтырғымен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Өткен оқу жылында аудан бойынша 1615 шәкірт мектеп бітірсе, ҰБТ тапсырған 1430 оқушының 588-і білім грантын иеленді. Өткен жылы 64 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, биыл бұл көрсеткіш 101 оқушыға жеткен. «Алтын белгі» иегерлерінің 85-і грант иегері атанса, 3 оқушы шет елдің жоғары оқу орнында оқуға құжат тапсырып, 13 түлек ақылы оқу орнына түсті.
Өткен оқу жылында облыстық пән олимпиадасына және осы білім сынының республикалық кезеңіне, облыстық және республикалық ғылыми жоба жарысына қатысып, жүлдегер, жеңімпаз атанған шәкірттердің саны арта түсті.
Бұл келелі басқосуда бөлім басшысы биылғы оқу жылында білім беру саласын дамытуда алға қойған міндеттерге қысқаша тоқталып өтті.
Баяндамадан соң жарыссөз басталып, №7 ІТ мектеп-лицейінің директоры Ж.Орынбаев, Жеңіс жалпы орта мектебі әскери дайындық пәнінің мұғалімі А.Ахметов, «Бәйшешек» бөбекжай бақшасының әдіскері Қ.Тасымбекова, №1 мектеп-гимназияның қамқоршылық кеңесінің мүшесі Н.Жолдыбаев сөз сөйледі.
Тамыз кеңесі соңында білім беру саласында жемісті қызмет атқарып жүрген бір топ ұстазға лайықты құрмет көрсетілді. М.Туламетова ҚР оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, Е.Төребеков облыс әкімінің Алғыс хатымен, барлығы 10 ұстаз Түркістан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталып, тағы да 10 ұстаз аудандық білім бөлімінің құрметіне ие болды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлзинат Рүстенбектің есімі «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енгізілгені туралы хабар әріптестерін бір қуантып тастады.
«Тамыз кеңесі», – деп өзінің аты айқайлап айтып тұрғанындай жарыссөзге шыққан ұстаздар қауымының бәрі өз ойлары мен пікірлерін ашық айтып, ортаға салады, келелі әңгіме қозғайды, пікірлеседі, кеңеседі, өзекті мәселе қозғайды деп күткен едік. Өкінішке орай шешендердің айтқандары құрғақ, жаттанды сөз сияқты болды. Жарыссөзге шыққан мұғалімдермен салыстырғанда, №1 мектеп-гимназияның қамқоршылық кеңесінің мүшесі Нұржігіт Жолдыбаевтың сөзі салмақтырақ шығып, көпшілікке ой тастағандай болды. Бұл сөзімізге алқалы жиынға қатысушылардың бәрі куә.
С.ОРЫНБАСАР.



