Қазақстан құрамасы еркін күрестен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.
Жарыс Болгарияның Самоков қаласында өтті.
125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Едіге Қасымбек қарсыластарына дес бермей, әлем чемпионы атанды.
Финалда ол ирандық Абольфазл Мохаммад Нежадты 4:1 есебімен жеңді.
Айта кетейік, отандасымыз турнирдің 1/8 финалында моңғолиялық Нарантулга Дармаабазарды 15:12 есебімен жеңіп, ширек финалда оңтүстіккореялық Байджун Джангты 6:0 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда америкалық Коул Мирасоланы айқын басымдықпен ұтып, белдесу мерзімінен бұрын 11:0 есебімен аяқталды.
Едіге Алтынбекұлы 2007 жылы 4 қаңтарда Жіңішке ауылында туылып, Көксәйек жалпы орта мектебінде білім алды. 2013 жылы Төлеби аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі еркін күрес үйірмесіне қабылданып, Марат Нұрғазиевтің тәрбиесін алды. Бірнеше рет облыс чемпионы атанды. Республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрінді.
2018 жылы Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжінің еркін күрес бөліміне қабылданды. 2022 жылы Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2023-2025 жылдары Азия чемпионатының жеңімпазы болды. Былтыр Иорданияда өткен U-17 Әлем чемпионатында 110 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер болса, биыл U-20 жастар арасында 125 кг салмақта Әлем чемпионы атанып, алтыннан алқа тақты.
Ә.ӘСІЛБЕК,
аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.




