Санаулы күндерден соң еліміздегі барлық оқушылар өздерінің алтын ұя мектептеріне қарай ағылады. Білім ордаларында ұстаздары өнегелі тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында елімізде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы және «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасымен жүзеге асатын «Баланы мектепке дайындайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы Төлеби ауданында жалғасын тапты.
Бұл игі іске Төлеби аудандық мәслихатының депутаттары бас болып, «Amanat» партиясының аудандық филиалы, Ленгір қалалық әкімдігі, аудандық «Нұр» мешіті мен Жастар ресурстық орталығы біркісідей қолдау білдіріп, бірлесіп, аудан орталығындағы мектептердің 120 оқушысына мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдарын сыйға тартты.
Бұл игі шара ізгі тілектер мен ақ ниеттер тоғысқан басқосумен басталып, жылы жүректі, жомарт пейілді жандар әр мектепке арнайы барып, балаларға алған сыйлықтарын мектеп басшылығына табыстады. Биылғы жылғы ерекшелік, бағалы сыйлықтарды оқушыларға мектептердегі ұстаздары табыс ететін болады. Мұның өзі – балаларға деген құрметтің, білім ошағының мерейін арттыра түсуге деген игі қадамның бірі десек жарасады.
Жылы жүзді, жүрегі иман нұрына бөленген, жаны жайсаң, жомарт пейілді жандардың қиналғандарға қолдау көрсетуі, сүрінгендерді қолтықтан демеуі, көңілін мұң торлағандарға шаттық сыйлауы – бүгінгі қазақ қоғамын шуаққа бөлейтін ең ізгі қадамдардың бірі десек те болады. Дәстүрге айнала бастаған бұл акция – тек материалдық қолдау көрсету ғана емес, әрбір бүлдіршіннің жүрегіне бүгіні мен болашағына деген сенім ұялатып, жаңа оқу жылын нық қадаммен бастауға жол ашатын рухани күш әрі азық емес пе?!
Балалардың жүзіндегі қуанышты ештеңеге алмастыра алмайсың. Бұл жан жадыратар жақсы істің басы-қасында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Қойбағаров, «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Шырынбек Оңғаров, ауданның бас имамы Үсен Сәуірбаев. Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев, Жастар ресурстық орталығының жігерлі жастары, ел қамын ойлаған азаматтар жүрді.
«Төлеби-ақпарат».



http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf