Өткен жексенбіде Ленгір қаласында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мазарат аумағын тазалау мақсатында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Қоғамдық сананы жаңғыртуды және экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздеген игі іске зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, аудан имамдары, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, қала әкімдігі мен жастар белсене атсалысты.«Өткенге құрмет – тіріге міндет» ұранымен өткен тазалық жұмыстары «QАМQOR-SНARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының бастамасымен және Төлеби ауданы имамдарының қолдауымен жүзеге асты. Игі іске ұйытқы болған ұйымдастырушылардың айтуынша, зират басындағы тазалық – тек қана міндет емес, мұсылмандық тұрғыдан алғанда сауапты амал. «Мәйіттің қабірі – қияметке дейінгі уақытша мекені. Оған құрметпен қарап, қоршаған ортасын таза ұстау – тірілердің парызы. Бұл – әрі ізгілік, әрі имандылық белгісі. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты да – өскелең ұрпаққа ата-баба рухына құрметпен қарауды үйрету, адамгершілік пен рухани құндылықтарды насихаттау», – дейді қатысушылар.Сенбілік барысында зират аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, бейберекет өскен ағаштардың бұталары алынды. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан болашақта мұндай тазалық шараларын тұрақты түрде жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылып, қолдау тапты.
Бұл бастама – өткенге тағзым, бүгінге тәрбие, болашаққа аманат.
«Төлеби-ақпарат».


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf