Ауданға қарасты Қасқасу ауылынан 20 шақырым жерде, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркі аумағында құтқару операциясы сәтті аяқталды. 13 жастағы екі жасөспірім аталған аумақтың тік жартасты аймағында бағытынан адасып қалып қойған.
Құтқарушылар олармен байланыстың үзіліп тұрғанына қарамастан, геолокациялық деректер арқылы нақты орнын анықтады. Құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының тобы мен кинолог маман жұмылдырылып, ұшқышсыз ұшу құрылғысы арқылы іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Құтқарушылар кәсіби біліктілік пен төзімділік танытып, екі баланы аман-есен отбасына жеткізді.
Бұл оқиға табиғат аясында демалушылардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туристік бағыттарға шыққанда қажетті дайындықтың болу маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Мамандар тұрғындарға таулы, орманды аймақтарға барарда қауіпсіздік ережелерін сақтауды, мобильді құрылғыларды қуаттап, жақындарына бет алған бағыттары туралы алдын-ала хабарлауды ескертеді.
«Төлеби-ақпарат».



