Тасарық ауылдық округінің тұрғыны Сабыржан Танабаев 20 гектар аумаққа жүзім бағын өсіріп, мол өнім алуда. Қазіргі таңда бауда 4 түрлі жүзім өсірілуде.
Шаруашылықта тұрақты түрде 16 адам еңбек етеді, ал егін жинау маусымында жұмысшылар саны 100-ге дейін артады. Шілде-тамыз айларында пісіп жетілген өнім базар мен сауда орындарына көтерме бағамен жөнелтіледі. Жүзімге сұраныс жоғары, бір маусымда 300 тоннаға жуық өнім жиналады.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов аталған шаруашылықтың жұмысымен танысып, өнімділігі жоғары алқаптарды аралап көрді. Ол шаруалармен жүзімнің күтіп-бапталуы, суару және егін жинау технологиялары бойынша пікірлесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Әкім бұл бағыттың өңір экономикасы үшін маңызын атап өтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім көлемін арттыру және инфрақұрылымды дамытуда аудан әкімдігі тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, агросекторда заманауи технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру міндеті алға қойылып отыр.
«Төлеби-ақпарат».



