Өткен жұмада Түркі әлемінің мәдени астанасы – Ақтау қаласында республикалық командалық айтыс өз мәресіне жетті. Былтыр бастау алған жобаға еліміздің үш мегаполисі мен 17 облысынан жалпы 20 команда қатысты. «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты өнер мерекесінің ақтық кезеңінде Түркістан және Қарағанды облысының айтыскер ақындары мен күйші, жыршы-термешілерінен құралған құрама командалары бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен қос команда да жүлделі І орын мен алтын домбыраға ие болды.
Ауқымды шарада Түркістан облысы мәдениет бас-қармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы команданы қолдап келді. Облыстың сәлемін жеткізіп, сый-сияпат табыстады.
Аламанды айтыскер ақын, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Аманжол Әлтай жүргізіп отырды. Қазылар алқасына жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламентінің депутаты Жүсіп Нұртөре төрағалық етті. Оның құрамында өнерде ерекше орны бар Алмасбек Алматов, Айгүл Үлкенбаева, Мэлс Қосымбаев, Қалқаман Сарин, Айгүл Қосанова секілді танымал тұлғалар болды.
Облыс құрамасында айтыстың арыстаны, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын домбыра» иесі Бекарыс Шойбеков бастаған өңіріміздің мықтылары бар. Атап айтқанда, команда жетекшісі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тлеулиев, ақындар бапкері Бекмұрат Анарбаев, таныстырушы Шахмардан Бекарысұлы, Бекарыс Шойбеков (Сүре айтыс), Қажымұхан Абзалов (Қайым айтыс), Дәурен Ақсақалов (Түре айтыс), төлебилік Аян Ниязбек (Өтірік өлең айтысы), өнерпаздардан Оразәлі Жаңабай (Дәстүрлі әнші), Руслан Ахинбеков (Терме), Аязбек Рустамов (Жыршы), Шыңғыс Исаев (Күйші).
«Төлеби-ақпарат».




