Тасарық ауылдық округіндегі «Алатау» оқу-сауықтыру лагерінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Тазалық – жан саулығы» атты іс-шара өтті. Шараның мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтына баулу, тазалыққа, табиғатты қорғауға үндеу.
Іс-шараға 100-ге жуық жас қатысып, 5 командаға бөлініп, өзара жарысты. Қатысушылар эстафеталық ойындар, арқан тарту және қоқыс жинау кезеңдері бойынша сынға түсіп, жарыс қызықты әрі тартысты өтті. Жастар тек жарысып қана қоймай, қоқыс жинап, қоршаған ортаны тазартуға нақты үлестерін қосты.
Жарыс төмендегідей қорытындыланды: І орынға «Сборный Алатау» командасы ие болса, ІІ орынды «Энергия» командасы, ІІІ орынды «Жастар» командасы иеленді.
Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды. Шара жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жарқын үлгі болды.
Аталған шара арқылы жастар тазалықтың маңызын жете түсініп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың қажеттігін тағы бір мәрте сезінді. «Таза орта – жарқын болашақ кепілі» екенін ұғынған жас буынға мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
«Төлеби-ақпарат».




