Облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен 8-11-сынып оқушылары арасында өткен Ілияс Жансүгіров оқуларының облыстық кезеңінде «Ілияс – эпик ақын» атты шығарманы жалғастыру номинациясы бойынша Жаңажол жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Абдуалы Нұрбек І орынды иеленді. Байқауға дайындаған ұстазы Тілемісова Бағила.
Сондай-ақ тағы бір төлебилік шәкірт байқаудың «Ілияс – қарасөз шебері» атты көркемсөз оқу номинациясы бойынша 1-орынға лайық деп танылды. Ол Әңгірата жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Исахан Балнұр. Мұғалімі Төлеметова Қарашаш.
***
Жуырда өткен «ProEсо» облыстық конкурсында ауданымыздың үш бірдей мектебінің оқушылары бірінші орын иегері атанды. Олар «Үздік экологиялық бастама» бағыты бойынша «Гидропоника шаруашылығы – табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың бір жолы» тақырыбындағы жобасын қорғаған М.Х.Дулати атындағы жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушылары Әлімжан Нұрислам мен Абдрахман Аяжан. Бұл жоба еліміздің табиғи ресурстарын тиімді, ұтымды пайдаланып, болашақ ұрпаққа жеткізу, жер қабатын жыртып зақымдамайтын, эрозияға ұшыратпайтын, суды, сондай-ақ электр энергиясын 4-5 есе үнемдеуге үлес қосатын, қара жұмыс күшін қолданбайтын, автоматикаға негізделген жаңа егін шаруашылығын ауданымызда дамытуды көздейді. Жетекшісі биология пәнінің мұғалімі Арыстанова Әйгерім Ермекқожақызы.
«Туған өлке табиғаты» бағыты бойынша Қасқасу шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Шари Несібелінің «Қасқасу табиғатының сырлары» тақырыбындағы жобасы Қасқасу табиғатының көптеген сырға толы өсімдіктерін анықтауға және тарихи орындарды дәріптеуге негізделген. Жетекшісі биология пәні мұғалімі Мамаева Гүлден Бөрібекқызы.
«Таза қала сізден басталады» бағыты бойынша Ынтымақ жалпы білім беретін мектебінің 7-сынып оқушысы Лезгиева Асия. Жоба тақырыбы «Тазалық таразысы» деп аталады. Төлеби ауданы таулы аймақ болғандықтан, туристер мен демалушылар көптеп келеді. Соның салдарынан көркем табиғатымыз бейберекет тасталған қоқыстармен ластануда. Оның бірден-бір себебі демалушылардың тазалықты сақтамауында. Қоршаған ортаның ластануы тұрғындардың денсаулығына, табиғатқа зиянын тигізеді. Бұл жоба осы проблеманы шешуге бағытталған. Ол ауыл тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады. Жетекшісі биология пәні мұғалімі Абдешова Гүлвира Беглербекқызы.
Облыстық конкурста 1-орынды иеленген төлебилік шәкірттер республикалық кезеңге жолдама алды. Құттықтаймыз!
«Төлеби-ақпарат».