5 қазан – Мұғалімдер күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақордада өткен салтанатты қабылдауда еліміздің білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Солардың қатарында Төлеби ауданы, Бірінші Мамыр жалпы білім беретін мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Тағаева Гүлмира Тұрдыбекқызы да болды. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісімен марапатталды.
«Мен ауыл мектебінің қарапайым мұғалімімін. Елорданың төрінде, Президенттің қолынан марапат алу – үлкен бақыт. Керемет сезімге бөлендім! Ата-анам да ұстаз болған, қазір зейнетте. Бала күнімнен сол кісілердің жолын жалғауды армандап, есейгенде ұстаздық қызметке қадам бастым. Біздің әулет үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, қасиетті жол», – деді ол тебірене.
Гүлмира Тұрдыбекқызының педагогикалық еңбек жолы 1991 жылы аудандық көркемсурет мектебінен бастау алды. Ол 2000 жылдан бері Бірінші Мамыр жалпы білім беретін мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ беріп келеді. Бүгінде оның жалпы еңбек өтілі 35 жылды құраса, осы мектептегі еңбек өтілі – 25 жыл.
Ұстаздың кәсіби ізденісінің бір бағыты – ұлттық қолөнерді оқу үдерісімен ұштастыру. Ол сабақ барысында оқушыларға қолөнердің түрлі тәсілдерін меңгертіп қана қоймай, табиғи материалдарды пайдалану, ұлттық құндылықтарды шығармашылық жұмыстар арқылы танытуға мән береді.
Гүлмира Тұрдыбекқызының «Табиғи шикізаттан қолөнер бұйымдарын жасау әдістері» атты авторлық бағдарламасы 2023 жылы облыстық сараптамалық кеңесте бекітіліп, білім беру ұйымдары арасында тәжірибе ретінде таратылды. Осы бағыттағы жұмысы облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында жүлделі орын алуына негіз болды. 2022 жылы «Өрлеу» БАҰО Түркістан облыстық институтының «Шығармашыл ұстаз – 2022» байқауында бас жүлдеге ие болуы да оның кәсіби ізденісінің нәтижесін көрсетті.
Ұстаздың еңбегі оқушыларының жетістіктерімен де сабақтас. Әр жылдары оның шәкірттері ғылыми жобалар, көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер байқауларында аудандық, облыстық және республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болып жүр. Соның ішінде 2020 жылы шәкірті әрі ұлы Тұрмахан Самат республикалық «Дарабоз» байқауында бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы Темірхан Мерей аудандық ғылыми жобалар байқауында І орын, облыстық «Ғасыр жәдігері» көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер көрме-байқауында ІІ орын алды. 2025 жылы шәкірттері сәндік-қолданбалы өнер мен этномәдениеттану бағытындағы облыстық және аудандық байқауларда жүлдегер атанды.
Гүлмира Тағаеваның өзі де кәсіби байқаулар мен шығармашылық жобаларға тұрақты қатысатын ізденімпаз, белсенді ұстаз. Оның еңбегі 2014 жылы «Білім беру ісінің үздігі» медалімен, 2022 жылы республикалық «Озаттар – білім саласының үздіктері» энциклопедиясының төсбелгісімен бағаланған. 2023 жылы «Евразия Дизайнерлер Одағына» мүше болып, осы ұйымның төсбелгісімен марапатталды.
Мұғалім үшін кәсіби ізденістің мәні – өз тәжірибесін жетілдірумен қатар, бар білгенін шәкірттеріне бере білуінде. Гүлмира Тұрдыбекқызының отыз бес жылдық ұстаздық еңбегі де осы ұстанымға негізделген. Білікті педагогтың оқушыларының бойында шығармашылық жұмысқа, ұлттық өнерге қызығушылық пен қолөнерге деген дағды қалыптасып келеді.
Ұстаздың ұзақ жылғы еңбегінің жоғары деңгейде бағаланып, Мемлекет басшысының қабылдауында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісін алуы – Төлеби ауданының білім саласы үшін де маңызды жаңалық.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf
