Елімізде 7–13 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтті. Қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтетін бұл мереке отбасы құндылықтарын дәріптеп, қоғамдағы отбасының маңызын арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралармен жалғасты.
Осыған орай Төлеби ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Отбасы – өмірдің берік тұғыры» атты тағылымды іс-шара өтті. Жиынның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, жас отбасыларға қолдау көрсету және шаңырақтың қоғамдағы маңызын айшықтау болды.
Іс-шара барысында некелерін қиған жас жұбайларға Жастар ресурстық орталығында неке куәліктері салтанатты түрде табысталды. Жас отбасыларға ақжолтай тілектер айтылып, шаңырақтарының берік, берекелі болуына тілектестік білдірілді.
Ізгі шараның жалғасы аудандық перзентханада өтті. Арнайы барған ұйымдастырушылар жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына туу туралы куәліктерін табыстады. Оларға ақжолтай тілектер айтылып, арнайы сыйлықтар берілді. Бұл жас ата-аналар үшін есте қаларлық қуанышты сәт болғаны сөзсіз.
Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Берекелі шаңырақтан тәрбие алған ұрпақтың қоғамның дамуына қосар үлесі де зор. Ал дүниеге келген әрбір сәби – отбасыға ғана емес, тұтас қоғамға қуаныш сыйлайтын үлкен бақыт.
Отбасы күніне арналған апталық аясында әр өңірде отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға және саналы ата-ана болудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық, танымдық және қоғамдық шаралар ұйымдастырылды.
Апталық барысында ұрпақтар сабақтастығы, отбасын саналы түрде құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасы берекесі, ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі секілді маңызды тақырыптарға назар аударылды.
Қазақстанда Отбасы күні алғаш рет 2013 жылы аталып өтті. Сол жылы тиісті Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленген еді.
Төлеби ауданында өткен «Отбасы – өмірдің берік тұғыры» атты шара да осы айтулы күннің мән-маңызын арттырып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға үлес қосты. Жас жұбайларға неке куәліктерінің, ал жаңа туған нәрестелерге туу туралы куәліктердің табысталуы – өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан отбасыларға көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі.
http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf