Сайрам төрінде Төлеби ауданы өнерпаздарының қатысуымен «Өнер керуені» жобасы аясында мазмұнды мәдени кеш ұйымдастырылды. Кешкі концертте ауданның өнер ұжымдары мен шығармашылық өкілдері өз өнерлерін ортаға салып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мәдени шара барысында әуезді әндер шырқалып, сырлы күйлер орындалды. Сахналық қойылымдар мен шығармашылық композициялар кештің мазмұнын аша түсті. Өнерпаздардың орындауындағы әр туынды көрерменнің көңілінен шығып, көпшілік тарапынан жылы қабылданды.
Концерттің ерекшелігі – әр кезеңнің көркемдік сипатын үйлестіре ұсынуында болды. Ретро дәуірдің сырлы әуендері мен сахналық көріністері көрерменді өткен күндердің әсерлі сәттеріне жетелесе, заманауи форматтағы қойылымдар кешке тың серпін берді. Осылайша, өткен мен бүгінді сабақтастырған концерт мазмұндық жағынан да, көркемдік тұрғыдан да ерекшелене түсті.
«Өнер керуені» жобасы – өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, өнерпаздардың шығармашылығын кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін мәдени бастамалардың бірі. Жоба аясында Төлеби ауданының өнерпаздары Сайрам жұртшылығына өздерінің шығармашылық әлеуетін танытып, ұлттық өнер мен заманауи мәдениеттің озық үлгілерін ұсынды.
Кеш соңында көрермендер өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп, ыстық ықыластарын жеткізді. Ән мен күйге, сахналық өнерге ұласқан мәдени кеш көпшілікке көтеріңкі-көңіл күй сыйлап, мазмұнды әсер қалдырды.
«Төлеби-ақпарат».
http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf