Ауданымызда елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге ерекше мән беріліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың барысын бақылау мақсатында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бағдатбек Жанғазиев Жаңаұйым елді мекеніне арнайы барып, аумақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Жұмыс барысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан шараларға, көшелердің тазалығына, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайына және елді мекеннің жалпы көркіне назар аударылды.
Жауапты мамандармен бірге елді мекен аумағын аралаған аудан басшылығы тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстардың сапасын бағалап, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Сонымен қатар тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға елді мекен тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару және санитарлық талаптарды бұзбау жөнінде ескертулер жасалды.
Қолданыстағы абаттандыру қағидаларына сәйкес, әр тұрғын өзіне тиесілі аумақпен қатар, оған іргелес жатқан 5 метрге дейінгі аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талап – елді мекеннің көркеюіне ғана емес, тұрғындардың санитарлық қауіпсіздігіне де тікелей қатысты.
Тазалық талаптарын сақтамаған азаматтарға заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынды. Бұл – тұрғындарды жазалау үшін емес, қоғамдық тәртіп пен тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды шара.
Тазалық – тек арнайы қызметтердің немесе жергілікті атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Ол – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Елді мекеннің ажарлы әрі таза болуы әр азаматтың өз ауласынан бастап, айналасына жанашырлықпен қарауына байланысты.


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf