Тағайна орта мектебінің түлегі Исақова Ильдора Сайдиғаниқызы мектепте оқып жүргенде-ақ өзінің қолөнерге бейімі бар оқушы екенін байқатқан. Талай рет мектепте, ауданда ұйымдастырылған шығармашылық байқауына қатысып, өзінің жасаған еңбектерін ұсынып, жүлделі орындарға ие боп жүрді. 2001 жылы мектепті бітірген соң, ол Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетке, өзінің жанына жақын кәсіпке баулу мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2006 жылы бітіріп шығады.
Ильдора Сайдиғаниқызы 2002 жылдан бері Әл-Фараби атындағы жалпы орта мектепте көркем еңбек пәні бойынша сабақ оқытып келеді. Енді ол өз өнерін 5–9-сыныпта оқитын қыздарға үйретіп жүр.
– Пәнді оқытудағы басты мақсатым – қыз балаларды көркем еңбекке баулу, күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдарды жасауға үйрету, қолынан іс келетін оқушылар тәрбиелеу, – дейді ұстаз бізбен әңгімесінде.
Ұстаз сабақта оқушыларға тамақ мәзірін, салат түрлерін дайындауды үйретеді. Мата қалдықтарынан көрпеше, көрпе, жастық құрайды. Түрлі әшекей бұйымдарын жасауға дағдыланады. Мұның бәрі күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар.
Оқушылар оларды мектептен үйренсе, дүкеннен сатып алмай, өздері жасап алуға мүмкіндік болады. Сабақта «Өнерді үйрен де жирен» деген мақалдың мәнін оқушылар санасына сіңіруге тырысады.
И.Исақова қазіргі таңда қытайдан үлпілдек сым алдырып (қытайша «синель» деп аталады). Шәкірттеріне сол материалмен жұмыс істеудің технологиясын үйретуде. 2025-2026 оқу жылында «Зерде» республикалық олимпиадасына 2–7-сынып оқушылары арасында зерттеу жобасы мен шығармашылық жұмыстардан конкурс өтті. Оған Мавланбекова Дурдона (7-сынып оқушысы) және Мирендикова Малика (6-сынып оқушысы) қатысты. Тақырыбы: «Синель материалдарымен жұмыс істеу өнері: гүлдер мен түрлі бейнелер жасау технологиясы және олардың көркемдік мәні». Байқаудың аудандық, облыстық кезеңінде шәкірттері бірінші орын иеленіп, республикаға жолдама алды. Байқау Көкшетау қаласында өтті. Конкурсқа 100-ден астам талапкер қатысты.
Елдің түпкір-түпкірінен келген кілең жүзден жүйріктер. Солардың қарасын көргенде, ұстаз:
– Апырай, осыншама талантты оқушылардың ішінен шәкірттерім орын ала алар ма екен? Елге құр қайтамыз ба? – деп қатты қобалжыды. Жүрегі қатты соғып кетті. Қобалжуын басып, екі оқушысына жігер беретін сөздер айтты:
– Тәуекел! Қорықпай, бақтарыңды сынаңдар. Батыл болып, өнерлеріңді көрсетіңдер. Олар да сендер сияқты оқушылар. Жолдарың болсын! – деп конкурс өтіп жатқан үлкен залға шығарып салды.
Оқушылары конкурстан шыққанша, ұстаз бір орында тағат тауып отыра алмады. Бір қараса шәкірттері:
– Апай, жақсы тапсырдық, қобалжымаңыз, – деп жайраңдап күліп келе жатты. Апайы қуанып, шәкірттерін құшақтап, беттерінен сүйе берді. Шәкірттері шығармашылық жұмысын қалай тапсырғанын баяндап жатты. Д.Мавланбекова синель материалдарымен жұмыс істеудің тәсілдерін қазылар алқасына таныстырса, ал Малика Мирсидикова тақырыптың көркемдік мәнін, материалдың қазақ еліне таралу жолын түсіндіргенін айтып өтті.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей бабы келіскен шәкірттер топты жарып, үздіктер қатарынан көрінді. Республикада 2-орын алды.
Елге оралған соң, республикалық жарыстан олжалы оралған оқушыларды аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева қабылдап, оларды құттықтап, мақтау грамотасымен марапаттады.
Оқу жылы басында «Қысқы қиял әлемі» тақырыбында өткен республика бойынша онлайн шығармашылық байқауында Ильдораның шәкірті, 9-сынып оқушысы Усманалиева Райхана 1-дәрежелі диплом алды. Мұндай шәкірттері көп-ақ.
И.Исақова ұстаздар арасындағы байқауларға жиі қатысып, біліктілігін көрсетуде. 2025 жылы «Шабыт шыңы» өнер фестивалінде «Ұлттық қолөнер» аталымындағы өнер фестивалінде шығармашылық жұмысы жоғары бағаланды. Биыл өткен республикалық «Дарабоз» байқауы бойынша облыста бас жүлдені қанжығасына байлады. Республикаға жолдама алды.
И.Исақова мектептегі «Қолөнер» үйірмесіне жетекшілік етеді. Алғашында үйірме ашылғанда, кейбір оқушылар «Мұғалім бізге не үйрете алады?»- деп қатыспай жүрді. Кейіннен үйірмеге қатысқан оқушылардың жасаған қолөнер бұйымдарын көріп, қызығушылығы оянып үйірме жұмысына қатыса бастады. Бүгінде оған 25 оқушы тұрақты қатысып жүр.
Мұғалімнің ең үлкен жетістігі – шәкіртінің жеткен биігі. Шәкірттің жетістігі – ұстаз еңбегінің бағасы. Оның шәкірттері арасында ұстаз мамандығын таңдағандар аз емес. Соған риясыз қуанады, жүзінен ризашылық сезімі байқалады. Өйткені ол ұстаздықтың өлшемін марапаттан емес, шәкірттің тағдырымен бағалайды. Жақсы ұстаз адамның тағдырын өзгертеді. Кейбірі мектептен кеткенімен, шәкірттерінің өмірінен ешқашан кетпейді.
Исақова Ильдора – педагог-сарапшы. Бүгінде педагог-зерттеуші санатына өтуге дайындалып жүр.
И.Исақова педагогтер әулетінен. Өнер қуған жандар. Күйеуі Атабек Исақов – бастауыш сынып мұғалімі. Анасы Рухабза көп жылдар бойы мектепте көркем еңбектен сабақ берді. Қайын атасы Исақов Олжа биология пәнінің мұғалімі болған. Нағашысы Хидиров Құрбан көп жылдар мектепті басқарған. Сурет, сызу пәндерінен сабақ берді. Қолынан өнер тамған ұстаз Ильдора Исақова солардың тәлім-тәрбиесін алған.
К.ЕЛІКБАЕВ.


http://tolebituy.kz/wp-content/uploads/2026/06/Төлеби-туы-2026.06АТО.pdf