Биылғы жаз тек біздің ауданда ғана емес бүкіл әлемде ерекше ыстық болуымен есте қалатын шығар. Бұл қоршаған ортаға, жалпы адамзатқа қолайсыздық туғызуда. Себебі көптеген елдерде өзен мен көл сулары тартылып, дихандар ағын су тапшылығының тақсіретін тартуда: егістікке су жетпей, олардың еңбегі еш болды. Тіпті көптеген жерлерде ауыз судың жетіспеушілігі күрмеуі көп мәселеге айналды.
Төлебиліктер таулы аймақта тұрып жатқанымен жерасты суларының тартылуы бізде де байқалды. Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында салаға жауапты мамандар қажетті шараларды қолға алуда. Сәрсенбі күні аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Серікбаев аудандық қоғамдық кеңестің мүшелерімен кездесіп, қалыптасқан жағдай туралы есеп берді. Аудандағы бір қала мен 54 ауылдағы 22 368 абонентке 1 463 шақырым ауыз су құбыры тәулігіне 104 мың текше метр тіршілік нәрін жеткізуде. Тек Ленгір қаласындағы 31 521 адамға (7 392 абонент) тәулігіне 20,5 мың текше метр су берілуде. «Көктерек», «Қарабастау» бұлақтары мен Достық елдімекеніндегі 4 ұңғыма қәзір толық қуатында жұмыс істегенімен, кейде тұрғындарды сумен толық қамтамасыз ете алмауда.
Соңғы жылдары қала халқының саны өсіп, тұтынушылардың көбейгенін және су дебетінің азайғанын ескере отырып, аудандық әкімдік су мәселесін түбегейлі шешу мақсатында Алатау ауылдық округіндегі «Ақмешіт» бұлағынан Ленгірге су құбырын тартуды жоспарлады. Қәзір бұлақтың су қорын бекітуге бағытталған жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ облыс әкімі Н.Көшеровтің тапсырмасына сәйкес қаладағы су жүйесін шұғыл реттеу мақсатында екі жоба қолға алынды. Биыл «Көктерек» бастауындағы су станциясының жүйелерін жөндеуге, қосымша насостар алып, резервуар орнатуға облыстық бюджеттен 126,5 миллион теңге қаралды. Сондай-ақ «Көктеректегі» су тазалау ғимаратындағы су жүйелерін жөндеуден өткізуге 70,1 миллион теңге бөлініпті. Осы жұмыстарды атқару барысында Достық ауылындағы №№1, 4, 5 ұңғымалардың жанынан қосымша 4 ұңғыма қазу жұмыстары қолға алынуда. Жаңадан қазылатын бір ұңғыманы Бірінші Мамыр елдімекенінің, екіншісін Достық ауылының су жүйелеріне қосу, қалған екі ұңғыманы Ленгірдегі №1 резервуарға тарту арқылы халыққа тұрақты, әрі таза су беру көзделіп отыр.
Былтыр 1,6 миллиард теңгеге Жаңакүш, Ұзынарық және Алшалы ауылдарындағы тозығы жеткен 40,2 шақырым ауыз су құбырлары жаңартылып, 334 абонентке немесе 2 421 адамға сапалы ауыз су жеткізілді. Биыл Диханкөл ауылында 641,9 миллион теңгелік жобаның аясында 31,2 шақырым су құбыры тартылып, 51 құдық орнатылды. Су көзі толық каптаждалып, гидранттар мен су есептегіштер қою жұмысы 90 пайызға аяқталған. Қәзір резервуарға су толтырылып, ішкі құбырлар сынамадан өткізілуде. Қыркүйек айында пайдалануға берілетін бұл су жүйесі 303 абонентке немесе 1 950 адамға қызмет ететін болады.
Балдыберек өзеніндегі ашық су көзінен Қаратөбе, Тасарық, Көксәйек және Жоғарғы Ақсу ауылдық округтеріне қарасты 12 елдімекендегі 4 231 абонент немесе 25 мыңға жуық халық жауын-шашынды күндері сапасы талапқа сай келмейтін ауыз суды тұтынуға мәжбүр. Осы мәселені шешу үшін 74,2 миллион теңгеге 4 ұңғыма ағымдағы жөндеуден өткізіліп, іске қосылуға дайын тұр. Одан бөлек «Ақсу-Жабағылы» қорығының аумағындағы «Бақырауық» бұлағынан 5,6 шақырым су құбырын тартуға сметалық құжат дайындалуда. Бұл жобаға 300 миллион теңге жұмсалмақ.
Сондай-ақ Ақбастау, Абай, Мәдени және Кеңесарық ауылдарындағы тозығы жеткен 59,7 шақырым құбырды жаңарту жобасы дайындалып, сараптамадан өткізілді. Биыл Республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін 4,7 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. Оның ішінде Мәдени ауылындағы жұмыстар Ұлттық жоба аясында қаржыландырылатын болады.
Бірінші Мамыр ауылындағы 87,8 шақырым су құбырын жаңарту жобасы дайындалуда. Бұл жұмысқа 2,1 миллиард теңге қаржы қажет.
Қәзір Жоғары Қасқасу ауылындағы су жүйесінің ЖСҚ жасау аяқталса, Әңгірата, Ұйымшыл, Қаратөбе және Қарақия ауылдарының су жүйесін жаңалауға «Шымгорпроект» ЖШС-нің демеушілігімен жобалау-сметалық құжатты әзірлеу жұмыстары басталды.
Екі сағатқа созылған мәжіліс барысында әкім орынбасарына сұрақтарын қойған кеңес мүшелері қолға алынып жатқан жұмыстарды қолдайтындығын жеткізді.
Ә.МӘЛІКОВ.



