Ұлттық домбыра күніне орай Ленгір қалалық перзентханасында аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ж.Кадиров және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова және кеңес мүшелері дүние есігін жаңа ашқан Әмина есімді нәрестенің анасына (суретте) домбыра тарту етті.
Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айдаркүл Рахишова сәбиін құшағына жаңа алған ана мен білікті дәрігерлерге құттықтау тілегін білдіре отырып, ҚХА-ның сәбилерге жолдаған арнайы хатын тапсырды. Аталған құттықтау хатта:
«Сен туған еліңнің ғажап дәуірінде дүниеге келдің! Сенің Отаның Қазақстан – ұл мен қызы еркін, дамуы қарқынды, әлемнің барша елімен терезесі тең мемлекет! Сенің Отаның – ұланғайыр даласы мен заңғар таулары, айдынды өзен-көлдері мен әсем қалалары бар ел. Ең бастысы, бұл елде бірлігі берік, еңбекқор, мейірімді халық тұрады. Енді сен – сол халықтың бір мүшесісің. Сен туған жылы ел тарихында өшпес із қалдырған азаматтардың мерейтойлары аталып өтті. Сенің бойыңнан да осы ұлы тұлғалардың асыл қасиеттері табылсын, айналайын! Сен де, 100 жылдығы тойланған Әлия Молдағұловадай батыр бол. 140 жылдығы аталған Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлындай отаншыл бол. 180 жылдығы аталған ақын Абайдай абыз бол. Білімің мен күш-жігеріңді Отан-анаң – Қазақстанның көркейіп, дамуына жұмса! Сен ерекше күн – Ұлттық домбыра күні дүниеге келдің! Сен де ұлттық сананы дүр сілкіндірер қасиетті домбыра үнінен рух алып, биіктерге еліңмен бірге өрлейсің. Сенің сан ғасыр қазақпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық аспап ұлықталатын мерекемен сәйкес келуіңнің терең мәні бар: Ұлттық домбыра күні – Қазақстан халқын ұлттық мәдениет пен ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыруды мақсат ететін мереке. Болашақта сенің де осы асыл идеяны іске асырушылар қатарында болатыныңа сенімдіміз. Сол жолда ДОМБЫРАҢ жан серігің болсын, айналайын! Үлкен өмірге жасаған қадамың құтты болсын, Ұлы Дала перзенті!» – деген ізгі ниет, жақсы тілектен туған жүрекжарды сөздер бар.
«Төлеби-ақпарат».




