Өткен аптада аудан әкімі Е.Әлімқұловтың 2 сәуірдегі №111 өкімімен Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жұмабай Ғаппарұлы Абдиев өз қалауы бойынша берген өтінішіне байланысты атқарып келген қызметінен босатылды.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы деректерге сүйенсек, кадрлық өзгерістер ауданда алдағы уақытта да жалғасын табатын сияқты. Себебі, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен құрылып жатқан Әділетті Қазақстанның басты мақсаты – құқықтық мемлекет қалыптастыру ғой. Демек, қазір қоғамда болып жатқан өзгерістердің барлығы тең құқылы азаматтардың ҚР Заңдарын, ережелері мен нормаларын қатаң сақтауы «Заң мен тәртіп» қағидасының негізін қалауға тікелей ықпал етуі тиіс. Сол себепті төлебиліктер ауданға келген жаңа басшыға үлкен үміт артып, оның бастамаларына қолдау білдіруде. Ендеше, аудандағы түрлі мекемелерде болып жатқан ірілі-ұсақты кадрлық ауыс-түйіс те осы мақсатта жасалып жатқан болар.
Әділетті Қазақстан құру жолында кездескен кедергілерді жою үшін батыл шешімдер қабылдануы ҚР Заңдарына құрметсіздік танытып, оны аяққа таптаған ескі шенеуніктердің айналасындағы ақжағалы үркердей топтың сойылын соғушылар мен жосықсыз жағымпаздардың өз жымысқы саясаттарын мемлекет басшысының саясатынан жоғары қойып келгендерге тықыр таянғанын сездіреді ғой деп сенеміз!
«Төлеби-ақпарат».