Сәуірдің 10-14-і күндері Біріккен Араб Әмірліктерінде ІV Халықаралық «Dubai Art Festival» атты конкурс-фестиваль өтті. Әртүрлі елдердің балалары арасындағы шығармашылық, мәдени және достық байланыстарды нығайту; шығармашылық топ жетекшілерінің кәсіби біліктілігін арттыру; дарынды жастардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға қолдау көрсету мақсатында өткізіліп тұратын конкурс-фестивальға әртүрлі жас санаттары бойынша мәдениет мекемелерінің ансамбльдері, солистері, фольклорлық топтар, балалар өнер, музыка, хореографиялық мектептерінің оқушылары, сонымен қатар жалпы білім беретін мектептердің және басқа да оқу орындарының көркемөнерпаздар ұжымдары қатысты. Қатысушылар вокал өнері, хореография, аспаптық өнер, көркемсөз оқу жанрлары бойынша сынға түсті.
Дубай қаласында өткен конкурсқа Ленгір қалалық саз мектебінің оқушылары да қатысып қайтты. Қатысып қана қоймай, түрлі жанрда өнер көрсетіп, бас жүлдемен оралды!
Өз өнерлерімен тәнті етіп, Гран-при жүлдесін иеленген оқушылар: Махамбетқали Молдағали (10 жас, кіші топ) қылқобызда попурри орындады. Жетекшісі Рысбаев Кайрат; Бақадыр Әлинұр (12 жас орта топ) көркем сөз жанры бойынша Ә.Қайранның «Қасқыр» шығармасын оқыды. Жетекшісі Аширбай Жанболат; Бақадыр Шұғыла (10 жас, кіші топ) би жанры бойынша Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйіне би биледі. Жетекшісі Қамбарова Айнұр; Бақадыр Әлинұр (12 жас, орта топ) домбырада Дәулеткерейдің «Түркімен» күйін орындады. Жетекшісі Құрманбаев Ғани; Әлібек Нұрмұхаммед (13 жас, орта топ) қылқобызда Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» күйін орындады. Жетекшісі Рысбаев Кайрат.
Бас жүлдені жеңіп алған осы оқушылардың барлығы аталған конкурс-фестивальдің дипломымен марапатталып, медальға ие болды. Ал жетекшілеріне сертификат пен Алғыс хат табыс етілді.
Халықаралық конкурсқа қатысушылардың өнеріне кәсіби мамандар, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының профессорлары және өнер мектептерінің педагогтары қазылық жасады.
«Төлеби-ақпарат».