Әрине қандай да болсын жарыста, түрлі бәсекелерде көш бастап, жеңіске жеткенге не жетсін! «Итің ұры!», десе намыстанатын бұл қазақ палуанының жауырыны жер иіскеп жығылса, тұлпары бәйгеге шапқанда шаң қауып қалса, құмай деп жүрген тазысы түлкі ала алмаса, іші қазандай қайнап, жарылып кетуге шақ қалары анық.
Елімізде өмірге сәби әкелу жөнінде Түркістан облысының аналары өзге облыстарға дес бермей келе жатқанын білесіздер. Расын айтқанда, біздің облыста бала санының артуына қазақтың келіндеріне қарағанда, өзбек және басқа да ұлт өкілдерінің келіндері молынан үлес қосып жүргенін өздеріңіз білесіздер. Несін жасырайық, тіпті өмірге егіз, үшем балаларды көбірек өмірге әкелетін де сол бауырлас ағайындарымыздың, құдайы көршілеріміздің келіндері.
Қазақстанда сүр бойдақтар мен кәрі қыздар санының көптігі жағынан да Түркістан облысы бірінші орынды ешкімге бермей келеді екен. Біздің облыстағы 254 мың сүр бойдақ пен кәрі қыз зейнеткерлік жасқа жеткенше үйлене ме, әлде жоқ па, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Бойдақтар бәйгесінде Түркістаннан кейінгі екінші орынды Алматы облысы алыпты. Алматылықтардың әбден сүрленген бойдақтарының саны 227 мыңға жеткен көрінеді.
Сүр бойдақтар жарысында Атырау облысы көш соңында қалып қойыпты. Олардың 60 мың сүр бойдағы мен кәрі қызы бар екен.
Ұлын үйлендіруге, қызын ұзатуға шамасы келмей, сүрлеп жүрген бұл қазақтың келешегі қалай болар екен?
О.ЗАҒАМБАР.