Өткен жұмада Ленгір қаласындағы орталық «Нұр» мешітінде Құрбан айт намазы оқылды. Жиналған қауымға Құрбан айт мерекесі туралы уағыз айтып, ҚМДБ құттықтау сөзін жеткізген ауданның бас имамы Үсен Саурбаев мерекеге келген барша аудан халқын мұсылман қауымы үшін маңызы ерекше болған осы ұлық мерекені ерекше жоғары көңіл-күйде атап өтуге шақырды. Құрбан шалу рәсімі мен сауабы жөнінде де түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мешіт жамағатына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында орталық «Нұр» мешіті қызметкерлері мен белсенді жамағаттың тікелей атсалысуымен арнайы киіз үй тігіліп, келушілерге ұлттық тағамдар мен тәттілер ұсынылды.
Мерекелік шарада дін мен дәстүр сабақтастығы ретінде «Қазақша күрес», «Қошқар көтеру», «Асық ату», «Гір тасын көтеру», «Садақ ату», «Арқан тартыс» сынды ұлттық ойындар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.
Үсен Саурбаев ұлттық ойындардың маңыздылығы туралы насихат айтып, орталық мешіт қызметкерлерімен бірге ойындарға қатысты. Балаларға да арнайы ойын алаңы құрылды. Мерекелік көңіл-күй сыйлап, ұлық мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша жүрегі жомарт игі жақсыларға жамағат алғысын жаудырды.
Бұл күні «Нұр» мешіті әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Айттық – бізден» атты іс-шара өтті. Мешіт шәкірттері айттық дастархан жайып, намазға келген жамағатқа ұсынды. Сондай-ақ әйел-қыздар арасында түрлі ұлттық ойындар өткізіліп, жүлделі орын иегерлеріне сыйлықтар берілді. Қатым Құран дұғасы жасалып, айттық шай ұйымдастырылды.
Құрбан айт күні орталық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен аудан әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлының бастамасы негізінде тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында халықты қоғамдық көлікпен тегін тасымалдау шарасы ұйымдастырылды.
«Төлеби-ақпарат».




