2025 жылы адамзат тарихындағы ең ауыр әрі сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл – фашизмді тізе бүктіріп, бейбіт өмір үшін күрескен батырлардың ерлігін еске алатын, сол замандағы ұрпақтың қажырлы еңбегін құрметтейтін маңызды тарихи кезең. Бұл күн – ерлік пен батырлықтың, қайсарлық пен отансүйгіштіктің жарқын символы. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – біз үшін өткенге тағзым етіп, болашаққа аманат қалдыратын ерекше дата.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстаннан 1 миллионнан астам азамат майданға аттанды. Олардың қатарында қазақтың батыр ұл-қыздары – Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова сынды ержүрек жауынгерлер болды. Олар Отаны үшін жан аямай, ерліктің биік үлгісін көрсетті. Тылда еңбек еткен аналар мен балалардың, қариялардың қажырлы еңбегі де Жеңіске қосылған үлкен үлес болды.
Соғыс жылдарында Қазақстан мемлекетке 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көгөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155,3 мың тонна мақта тапсырды. Республикамыз Ұлы Жеңіске орасан үлес қосты: майдан үшін қорғасынның 85 пайызын, мыстың 30 пайызын және көмір мен мұнай өндірді. Сол ауыр жылдарда еліміз майданға 6 миллион тонна бидай, 797 мың тонна ет, 150 мың жылқы мінуге берді. Қазақстан еңбекшілері майданға 25 миллион дана жылы киім, 4 миллиард сом ақша жинап, әскери техника мен қару-жарақ сатып әперді.
Отан үшін Кеңес Одағының ішінде қазақ халқы ерекше ерлікпен көзге түсті. Халық жадында құрамында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандық) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталады. Қазақстан жерінде жасақталған И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Мәскеуді қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін көрсетті. Панфиловшылардың ішінде болаттай беріктік пен ержүректік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді.
Қазақстандық жауынгерлер рейхстагқа шабуыл жасауға қатысты, оған жеңіс туын алғашқы болып қазақ халқының даңқты ұлы Рақымжан Қошқарбаев тікті.
80 жыл өтсе де, Жеңістің рухы жүрегімізде. Ардагерлеріміздің ерен ерліктері біз үшін үлгі-өнеге, сарқылмас рухани қазына. Бұл күн – оларды еске алып, құрмет көрсетуге, ерлік сабақтарын болашақ ұрпаққа үлгі етуге арналған күн. Тарих ұлттың жадын қалыптастырады, ал Ұлы Жеңіс – біздің ұлт ретіндегі тұтастығымыздың, мызғымас рухымыздың, отансүйгіштігіміздің айғағы.
Біз үшін Жеңіс күні – тек тарихи дата емес, бұл – бейбітшіліктің, достық пен ынтымақтастықтың маңызын ұғынатын күн. Қазіргі ұрпақ ата-бабалар аманатын арқалап, ел тыныштығын сақтау жолында білім алып, еңбек етіп, ел болашағы үшін аянбай тер төгуі тиіс.
Біз аға ұрпақ ерлігіне бас иіп, оны мәңгі жадымызда сақтап, келер ұрпаққа жеткізу парызымыз деп білеміз.
Тарих пәнінің мұғалімі ретінде мен оқушыларға соғыстың тек құрғақ деректер мен сандардан ғана тұрмайтынын, оның артында миллиондаған тағдыр, үміт пен қайғы жатқанын түсіндіруге тырысамын. Ұлы Отан соғысы – халқымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы күресі, ерлікке, бірлікке талпынысы.
Ұлы Жеңіс – бұл ұрпақтар сабақтастығының, патриотизмнің мәңгілік үлгісі. Біз Жеңістің мәнін тек 9 мамырда ғана емес, күнделікті өмірімізде, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруда ұмытпауымыз қажет.
Оқушыларға соғыс жылдарындағы жанкештілікті, азапты өмірді таныстыру арқылы біз ерлікке, қайсарлыққа, төзімділікке баулимыз. Себебі тарих – болашаққа бағдар беретін шамшырақ. Ал Ұлы Жеңіс – сол тарихтың тағылымға толы ұлы беттерінің бірі.
А.ДОСАЛИЕВА,
Б.Биболатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі.

