«Төлеби туы» газетінің түлегі, белгілі журналист Ғалымжан Елшібай Қазақстан Журналистер академиясының академигі атанды. Атақ журналистің елу жылдық мерейтойына орай жарыққа шыққан «Қаламға қонған құт» кітабының тұсаукесерінде салтанатты жағдайда табыс етілді.
Ғалымжан Елшібай отыз жылдан астам шығармашылық жолында елімізге белгілі көптеген басылымдарда жұмыс істеген. Төлеби аудандық «Төлеби туында» тұсауы кесіліп, тәжірибесі толысып, «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде еңбек етті, өткір мақалаларымен оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Биыл елу жасқа толған қаламгер қазіргі уақытта «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.
Ғалымжан Елшібайға Қазақстан Журналистер академиясының академигі атағын салтанатты шара барысында Еуразия ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, Қазақстан Журналистер академиясының және Халықаралық Еуразия теле-радио академиясының академигі Қайрат Сақ пен белгілі журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сандыбай Аяған (суретте) табыс етті.
Журналистер академиясы — елдегі журналистика саласының кәсіби дамуына үлес қосып келе жатқан маңызды ұйым. Елдегі ең танымал журналистердің басын қосқан академияның мақсаты — журналистердің біліктілігін, тәжірибесін арттыру, БАҚ саласының беделін көтеру.
«Төлеби-ақпарат».




