Қазақстандағы үлгілі отбасыларды анықтау, ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасы құндылықтарын насихаттау, көпшілікке үлгі ету, отаншыл әрі білімді, тәрбиелі, еңбексүйгіш ұрпақ тәрбиелеу мақсатында биыл елімізде 12-рет «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы ұйымдастырылып, өткізіліп отыр.
«Төлеби туы» газеті бас редакторының орынбасары, Төлеби ауданының Құрметті азаматы, Қазақстаннның Құрметті журналисі Орынбасар Сүттібаев Төлеби ауданының ең іргелі ауылдық округтерінің бірі болған, осыдан санаулы жылдар бұрын ғана Шымкент қаласы Еңбекші ауданының құрамына енген Қазығұрт ауылдық округіндегі Тоғыс ауылының тұрғыны.
Орекеңнің отбасы биылғы жылы Шымкент қаласы тұрғындары арасында ұйымдастырылған, «Мерейлі отбасы – 2025» Ұлттық байқауына қатысып, жүлдегер атанды.
Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласында 1 миллион 200 мыңнан астам халық тұрады. Биылғы «Мерейлі отбасы» байқауында шырайлы қаланың әр ауданынан халық санына қарай 18-20 отбасыдан, барлығы 150 шаңырақ өзара бақ сынасты. Әр ауданнан топ жарып, іріктелген 4 отбасы мегаполистің байқауында өз аудандарының намысын қорғап, Сүттібаевтар отбасы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Бұл күні Орекеңнің отбасы туыстарымен, сыйлас жандарымен бірге елден жырақта қызметте жүрген перзенттері, тіпті Ұлыбританияның Лондон қаласында тұратын немерелеріне дейін келіп, қара шаңырақта бас қосып, қуаныштарын бөлісті.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мегаполис «Жастар ресурстық оралығының» ғимаратында өткен салтанатты жиында Сүттібаевтар отбасын қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Алғыс хатымен марапатап, бағалы сыйлық тапсырды.
Бұл Сүттібаевтар отбасымен қатар жуырда тоқсан жасқа толған «Төлеби туы» газеті редакциясы ұжымының да жеңісі, ортақ қуанышы. Жеңісті, жемісті күндер көп болсын!
«Төлеби туы» газеті
редакциясының ұжымы.




